АСТАНА, 8 қар — Sputnik. Алматы полициясы Almaty Towers бизнес орталығында шыққан өртте қаза тапқандардың кім екенін анықтады деп хабарлады қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Өрт жексенбі күні сағат 18:00-ден кейін басталды. 25 қабатты екі мұнараға жалғасқан алты қабатты ғимараттың шатыры өртенді. Бастапқыда бір адамның көз жұмғаны туралы айтылды – ол 54 жастағы дәнекерлеуші болатын. Келесі күні ТЖД тағы төрт адамның денесі табылғанын хабарлады. Бастапқы болжам бойынша, олар жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар болған. Бірнеше сағаттан соң тағы бір адамның денесі табылғандығы айтылды.
"Бұлар – 1994, 1995, 1996 жылы туылған жас жігіттер, Алматы ЖОО студенттері", — деп хабарлады полицияда.
Sputnik Қазақстан агенттігіне құқық қорғау органдарының хабарлауынша, жас жігіттердің құрылыс жүріп жатқан ғимаратта болған кездегі жайттар тергеу барысында анықталуы тиіс. "Олар кешенде қосымша жұмыс істеп жүрсе керек, құрылысқа жұмыс күші ретінде тартылған", — деді агенттікке сұхбат беруші.
Бұл факті бойынша сот алды тергеу ісі жалғасуда.