АСТАНА, 8 қар — Sputnik. Елбасы оқу орнының ұжымы алдында сөйлеген сөзінде "Токай" университеті мен Назарбаев Университеті арасында қалыптасқан серіктестік қарым-қатынасқа назар аударды деп хабарлады Ақорда ресми сайты.
"Бүгінде Астана Еуразияның ірі ғылыми және білім беру орталығының біріне айналды. Біз қазір жастарды білім алу үшін өзіміздің университетімізге тартудамыз. Онда жапон жастары да оқитын болады деп үміттенеміз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы республикамызда ғылымды қамтитын экономика қалыптастыру үшін екі зияткерлік-инновациялық кластер – Назарбаев Университетінің "Астана бизнес кампусы" хайтек-паркі және Алматы қаласында "Алатау" технопаркі ашылғанын айтты.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды "Токай" университетінің алдағы 2017 жылы атап өтілетін 75 жылдығымен құттықтап, Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасы барлық бағытта одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Елбасыға Жапонияның жетекші білім беретін және ғылыми-зерттеу орталығы болып саналатын "Токай" университетінің Инженерлік ғылымдар құрметті докторы дәрежесі берілді.
"Токай" университетінің ректоры Ямада Киеси Нұрсұлтан Назарбаевқа Құрметті доктор дәрежесінің дипломы мен медалі тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанды өркендетуге, сондай-ақ ғылым және білім беру саласын халықаралық стандарттарға сай дамытуға қосқан үлесі үшін берілгенін атап өтті.
"Сіз білім мен ғылымды, әсіресе жаратылыстану ғылымдары мен техникалық пәндерді жетілдіру, жаңғырту және жаһандандыру қажеттілігін сезініп, бұл бағытта көптеген маңызды саяси шешімдер қабылдадыңыз", – деді Я.Киеси.