АСТАНА, 8 қар — Sputnik. Кездесу барысында Қазақстан мен Жапонияның өзара іс-қимылының түрлі аспектілері талқыланып, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды деп хабарлады Ақорда ресми сайты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Жапония серіктестігінің жоғары деңгейге жеткенін және сапар аясында өтіп жатқан келіссөздер алдағы уақытта оның аясын кеңейтуге бағытталатынын атап өтті.
"Біздің елдеріміз ядролық қарудың зардабын тікелей өз басынан өткерді. Жапония мен Қазақстан антиядролық қозғалыстың көшбасшылары болып саналады. Бұл жұмысты біз бірлесіп жалғастырамыз деп сенемін. Менің Хиросимаға алдағы сапарымның мақсаты – жапон халқымен ниеттестігімізді білдіру, біз ХХІ ғасырда ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолында бірлесе жұмыс жүргізудеміз", – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-қимылының белсенді түрде жүргізіліп отырғанына назар аударды.
"Жапония дипломатиясының барлық бағытта, соның ішінде Орталық Азиядағы белсенділігін атап өткім келеді. Жапония мен Қазақстанның бүкіл халықаралық істерге қатысты ұстанымдары ұқсас", – еді Елбасы.
Ф.Кисида Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапония Премьер-министрімен өткізген келіссөзінің жемісті болғанын айтты.
"Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі Сіздің көшбасшылығыңызға шынайы құрметпен қараймыз. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы – Сіздің табысты жетекшілік етуіңіздің көрсеткіші", – деді Жапония сыртқы істер министрі.