АСТАНА, 8 қар — Sputnik. Қазақстандық "Туберкулезге қарсы препараттар ұлттық орталығы" АҚ басшылары Қырғызстан бас прокуратурасының туберкулезбен ауыратын екі науқас ФС-1 препаратын қабылдаған соң қайтыс болды деген мәлімдемесін жоққа шығарды.
Бұдан бұрын Қырғызстан бас прокуратурасының денсаулық сақтау министрлігі жанындағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық техника департаменті мен Ұлттық фтизиатрия орталығының қызметкерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғағаны хабарланған болатын.
"Біз бұл жайтты жауапсыз қалдыра алмадық. Өйткені бұл мәселе біршама бұрмаланып кетті. Клиникалық зерттеулерге қатысқан бұл науқастар біздің препараттарды қабылдамаған. Олар "плацебо" деп аталатын бейтарап затты ішкен", — деді орталықтың ғылыми жетекшісі Марат Құлманов сейсенбі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, препаратты клиникалық сынақтан өткізу өте қатаң халықаралық стандартқа сай жүргізіледі. Мұндай зерттеулер протоколы бойынша, кейбір науқастар препаратты қабылдайды, басқалары – плацебоны. Және кімнің дәріні ішіп, кімнің бейтарап затты қабылдағанын дәрігерлер де, науқастар да білмейді.
"Өкнішке орай, көз жұмған науқастар ФС-1 препаратын ішпеген. Ал, бұл препаратты қабылдағандардың денсаулығына зиян келген жоқ, керісінше емделу үдерісі өте тиімді жүріп жатыр", — деп атап өтті Құлманов.