АСТАНА, 4 қар — Sputnik. Ақтөбе облысындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2016 жылғы 5 маусымда жасалған теракт бойынша Әбдрахмановқа және басқаларға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот отырысы басталғалы бері, 24 қазан мен 3 қараша аралығында 65 жәбірленуші мен 41 куәгерден жауап алынды. 31 қазаннан бастап сот сотталушылардан жауап ала бастады. Бүгінгі таңда 29 сотталушының 13-інен жауап алынды. Олардың 9-ы бірқатар қылмыс жасады деп айыпталып жатыр, сол айыптардың ішінде теракт ұйымдастыру да бар. Ал төртеуі қылмыс туралы хабарламады деп айыпталуда.
"Сотта жауап алынған сотталушылар террористік топтың қызметіне қатысы барын жоққа шығармады, бірақ олар адамдардың өліміне өздерін кінәлі деп есептемейді, өз ісіне өкініп отыр", — делінген соттың хабарламасында.
Сотталушылар өз ісін Таңатаров пен Айтуғанның үгітіне беріліп кеткенін айтып, түсіндірді. Таңатаров пен Айтуған оларды жергілікті құқық қорғау органдары мұсылман бауырларды қудалап жатқанын айтқан, иманды қыздарды зорлады деген, жиналғандарды сондықтан қаланың құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өлтіруге шақырған. Сотта терактіге қатысқандардың бірі "бұл оқиға кенеттен және жылдам болды" деп ақталды.
Қылмысты хабарламау бойынша айып тағылып отырған сотталушылар да өз ісіне өкінді. Олардың айтуынша, олар қылмысты хабарламаудың қылмыстық жауапкершілігі бар екенін білмеген.
"Сотта қылмысты жасырды деп айыпталып отырған сотталушы М.С.Ердауовтың қорғаушысы қосымша куәгерлерден жауап алуды өтінді. Бұл өтінішті сот қанағаттандырды. Қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр", — деп хабарлады соттағылар.