АСТАНА, 3 қар — Sputnik. Ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Илья Ильинге Қазақстанның жетекші спорт ұйымы — ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің штат және ұлттық командалары дирекциясында кеңесші болу ұсынылды, деп хабарлады ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай ұсыныс министр Арыстанбек Мұхамедиұлының танымал спортшымен кездесу барысында айтылған. Илья Ильинмен кездесу барысында министр мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың спортшылардың халықаралық антидопинг ұйымының шешіміне байланысты қатты уайымдап жүргенін және "атақты спортшыларымыздың назарсыз қалып қоймауына нақты тапсырмалар бергенін" ерекше атап өтті. Ол қазақстандық спортшылардың мүддесін қорғау мақсатында Лозаннаның ең ірі заңгерлік компанияларымен белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
"Біздің, Мәдениет және спорт министрлігінің ұстанымы — Халықаралық олимпиада комитетінің біздің спортшыларымызға қатысты қандай шешім қабылдайтынына қарамастан, әрбір спортшымыздың мүмкіндігін өмірде де ашу. Спорт жолының ұзаққа созылмайтынын бәріміз білеміз, сосын спортшылар басқа жұмысқа ауысады. Біреулері бапкер болса, біреулері қоғамдық жұмыстарға араласады", — деді министр.
Сондай-ақ, министр Илья Ильиннің жаттығуын үзбей жүріп, қазақстандық спортшылардың арасында бірінші болып, PhD докторы дәрежесін алғанын атап өтті. Өз кезегінде Илья Ильин бұл қызметте өзіне тапсырылған міндетті ақтайтынын айтып, сендірді.
"Мемлекет басшысына бізді, спортшыларды назарсыз қалдырмағаны үшін алғыс білдіремін. Бұл жағдай біз үшін шын мәнінде өте ауыр соққы болып тиді. Маған қатысты хат әлі келген жоқ, спортшы ретіндегі мансапбымның болашағы әзірше түсініксіз, бірақ үкіметіміздің спортшыларды назарсыз қалдырмағаны қуантады", — деп алғысын білдірді Илья Ильин.
"Мүмкіндігіңіз болса, жеке менің атымнан Нұрсұлтан Әбішұлына хабарын беріңізші — мен тірімін, барлығы жақсы, қалпымдамын. Сұрап жатса", — деді спортшы. Кездесу соңында Арыстанбек Мұхамедиұлы осындай қиын жағдайға тап болған бірде-бір спортшының министрліктің қолдауынсыз қалмайтынын тағы да атап өтті.