АСТАНА, 2 қар — Sputnik. Алматы қаласы Әуезов ауданы ІІБ ювеналды полициясы "Сайран" автовокзалында үйінен қашып кеткен 16 жасар бозбаланы тауып алды деп хабарлады қаланың ІІД жергілікті полициясы қызметінде.
Баланың айтуынша, 2014 жылы қаңтарда әкесі қайтыс болған. Бұрыннан ішкілікке құмар анасы одан бетер араққа салынып, басқа бір ер адаммен бірге тұра бастапты. Жасөспірімнің сөзіне қарағанда, сол адам мас боп келіп баланы сабайтын болған, кейінен бұған анасы да қосылып қысым көрсетіпті. Сол кезде бозбала қашып кетуге бел буған екен.
"Өз қаражатымен бала таксиге мініп, мегаполиске қашып келген. Бірнеше күн вокзалда түнеп, тамақ қалдықтарымен қоректенген. Кеше біздің инспекторлар баланы тауып алып, жасөспірімдерді уақытша бейімдеу орталығына алып барды. Сол жерде оны жуындырып, тамақтандырды. Ата-анасына қатысты нақты бір шешім шыққанға дейін бала сонда болады. Барлық қажетті іс-шаралар орындалғаннан кейін баланың әрі қарайғы тағдыры белгілі болады", — деді ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Лейла Әліпбаева.