АСТАНА, 1 қар — Sputnik. Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 14 тамызда қала ломбардтарының бірін басып алмақ болған 42 жастағы ер адамға қатысты сот процессі аяқталды.
Бір айға жетпейін мерзімге созылған сот процесі жоқтықтың қарапайым адамды неге жеткізетінін көрсетті.
Тергеудің болжамынша 2016 жылғы 14 тамыз күні таңғы сағат 08.30 шамасында Сванидзе Кенесары көшесіндегі "М-Ломбард" ғимаратына келіп, қарумен қорқыту арқылы зергерлік бұйымдарды алып алмақ болған. Бұл кезде ол ломбардтың екі қызметкерін кепілде ұстаған және есігін құлыптап алған. Келіссөздер кезінде полицейлер қызметкерлердің бірін босатып алды, ал екінші қызметкерді тәртіп сақшылары бұзғаннан кейін ғана босату мүмкін болды. Арнайы операция өткізу кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Сондай-ақ, ол сотта сөйлеген соңғы сөзінде жәбірленушілерден кешірім сұрап, мұндай әрекетке баруына отбасындағы қаражат тапшылығы себеп болғандығын айтты.
"Мен жәбірленушілерден кешірім сұраймын, заңға қайшы әрекет еткеніме қатты өкінемін. Жасған күнәмді кешірулеріңізді сұраймын. Бұлай болғанына қатты өкініп тұрмын. 14 тамыз күні біреудің затын тартып алып, тығырыққа тіреген қаржы мәселелерін шешемін деп үлкен қателік жасадым. Мұндай әрекет жасап, отбасыма пайда әкелмек түгіл, жағдайды одан сайын ушықтырып жібердім", — деді Лери Сванидзе сотта.
Өз кезегінде сотталушының адвокаты Ербол Абдрахимов соттан баптарды қайта квалификациялап, бас бостандығынан айыруға аз мерзім тағайындауды сұрады.
"Сванидзе Лери Платонович ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлімі – 191-бабы 4-бөлімі 2-тармағымен қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық жасауда кінәлі деп танып, қылмыстық жолмен табылған мүлікті тәркілеумен сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", — деді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асхат Әшірбеков. Ол жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді.
Сотталушының зайыбы Оксана Сванидзенің айтуынша, олар сот шешімімен келіседі, өйткені айыптау тарапы қатаңырақ жаза сұраған.
"Біз мұндай мерзімге үміт артқан жоқпыз. Біз 10 жылды армандадық, ал сегіз жыл біз үшін үлкен бақыт", — деді әйел.