АСТАНА, 1 қар — Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігі допинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын заңнамалық түзетулер енгізеді, деп хабарлады министрлік басшының орынбасары Сәкен Мұсайбеков.
"Біз қазір заңнаманы күшейту туралы ойлап отырмыз. Оны "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңға түзету арқылы, парламентте жасауға тырысып отырмыз. Допинг қолдану үшін қылмыстық жазаға тартуға дейін күшейтпекпіз. Спортшыларды, дәрігерлерді, бапкерлерді, осы препараттарды жеткізген адамдарды жазаға тарту", — деді Мұсайбеков сейсенбідегі баспасөз конференциясында.
Бұдан бұрын Халықаралық олимпиада комитеті бейсенбі күні үш қазақстандық ауыр атлет — Майя Манеза, Зульфия Чиншанло және Светлана Подобедованың 2012 жылы Лондон олимпиадасындағы көрсеткіштерін жойғандығы туралы мәлімдеді.
Мұндай шешімнің қабылдануына зілтемірші қыздардың 2012 жылы Олимпиада кезінде алынып, қайта тексеруден өткен допинг-сынақтарының оң нәтиже беруі себеп болды. Үш қазақстандық зілтеміршіге қатысты ХОК шешімі Қазақстанның ұлттық олимпиадалық комитетіне жіберілді.
Жуық арада Манеза, Чиншанло және Подобедова алтын медальдерін қайтаруы тиіс. Олар қатысқан жарыс нәтижелері қайта қаралып, алтын жүлде Олимпиадада екінші орын алған атлеттерге беріледі.