АСТАНА, 31 қаз — Sputnik. Өткен аптада Қазақстанда төрт рет иіс газынан улану оқиғасы болып, тоғыз адам ауруханаға жатқызылды, ал табиғи газбен улану оқиғасы бес рет орын алып, бес адам қаза тапқан және он адам зардап шеккен деп хабарлады ҚР ІІМ төтенше жағдайлар бойынша комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Дәлірек айтқанда, Жамбыл облысы Мерке ауданында табиғи газбен жұмыс істейтін пештегі ақаудың салдарынан бір адам қаза тауып, екеуі ауруханаға жатқызылған.
Бұдан бөлек, табиғи газбен улану салдарынан оқиға орнында Ақтөбе қаласының екі тұрғыны қаза тапты, сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғыны мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жаскешу аулының тұрғыны және ОҚО тұратын тағы бір әйел ауруханаға түскен.
Атырау облысында бір үй ішіндегі жеті адам бірдей уланып ауруханаға жатқызылған, олардың төртеуі – балалар.