АСТАНА, 29 қаз — Sputnik. Петропавл тұрғыны қала шетінде күнмен жылынатын жылыжай ашты. Оның айтуынша, инновациялық жылыжай жыл бойы экологиялық таза көкөністер өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол — автономды, яғни су құбырынсыз, электрсіз, орталықтанғдырылған жылу жүйесінсіз жұмыс істейді.
Мұнда шалғам, қияр және брокколи жақсы өсіп жатыр. Пісіп жетілген көкөністерді Жаңа жыл қарсаңында жинау жоспарда бар. Ал, шалғамды одан ертерек ала берсе болады.
"Жылыжай құрылысына заманауи материалдар қолданылды. Мысалға, шыныпластикалық арматура. Ол метал арматурасындай төзімді, бірақ одан гөрі анағұрлым жеңіл әрі қолдануға да ыңғайлы. Қабырғалар екі жақтан пеноплекспен қапталған – бұл да бір ноу-хау. Бұл экологиялық, өрт қаупі төмен жылытқыш, сондай-ақ төзімді әрі бу өткізбейді. Ал, шатырдың құрылысына ұялы поликарбонат қолданылды. Ол мөлдір зат, сол себепті күн сәулесін әйнектен кем өткізбейді, бірақ одан қарағанда шыдамды және жеңіл", — деді жылыжай иесі Олег Андрющенко Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Құрылымның басты мақсаты – іштегі жылуды барынша сақтап тұру. Көшеде ауа температурасы нөлден төмен болса да, эко-жылыжайда – плюс 30.
Өсімдіктерді суару үшін жаңбыр суы пайдаланылады – оны жинау үшін жылыжай маңында шұңқыр қазылған. Ал, қыс кезінде көкөністер қар суымен суарылады.
Агроном жылыжайды кеңейту үшін СҚО Қызылжар ауданы Налобино ауылы маңында ауданы 24 га жер сатып алыпты. Өнертапқыштар жаңа жерде қауын-қарбыз, лимон, тіпті анасқа дейін өсіруді армандайды.