АСТАНА, 28 қаз — Sputnik. Қазақстанның адам құқығы мен заңдылықты сақтау халықаралық бюросы директорының орынбасары Роза Ақылбекова мемлекеттік органдардың қызды ұрып соғу оқиғасына уақытылы араласпағанын сынға алды.
"Бұл оқиғаға әр қырынан қарауға болады, бірақ маман ретінде айтарым: сол сәтте бір шара қабылдауға тиіс өкілдер, әлеуметтік қызметтер, қорғаншылық және қамқоршылық органдар қайда қарады? Құқық қорғау механизімдері өте көп, бірақ олар неге сонша әрекетсіз?", — деді Ақылбекова жұма күнгі баспасөз конференциясында.
Маманның айтуынша, ҚР балалар құқығын қорғау бойынша уәкілетті институты ақшалай қаражаттың жетіспеушілігі мен адам ресурсының аздығынан қауқарсыз. Сол себепті Роза Ақылбекова адам құқығы бойынша уәкілдер мен танымал құқық қорғаушылардан тұратын комиссия құруды ұсынды. Одан бөлек, балалармен жеке жұмыс жүргізетін, олардың құқығы бұзылған жағдайда жәрдем беретін арнайы мамандарды таңдау керектігін айтты.
Бұдан бұрын Instagram әлеуметтік желісінде пайда болған бейнежазбада белгісіз бір әйел жыламсыраған сәбиді балағаттап, ұрып соққан. Бейнежазбаның астында әйелдің туған қызын бұрынғы күйеуін бопсалау үшін ұрғаны жазылған. Кейіннен полиция әйелдің кім екенін анықтады. Ол Павлодар қаласының 1982 жылы туылған тұрғыны болып шықты. Әйелге қатысты ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігі бойынша сот алды тергеу ісі жүргізілуде. 2012 жылы туылған сәби балалар үйіне жіберілді.