АСТАНА, 27 қаз — Sputnik. Сәрсенбі күні белгісіз біреулер Алматы зоопаркының сайтына заңсыз кіріп, Мелман атты керіктің өліміне қатысты жалған мәлімет жариялаған деп хабарлайды зоопарк баспасөз хатшысы Тоқтар Алиев Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Мелман атты керік зоопаркта 5 қазанда көз жұмды. Зоопарктың баспасөз хатшысы айтып өткендей, жануардың дені сау, ешқандай ауру белгілері байқалмаған. Бастапқыда керіктің уланған болуы мүмкін екендігі де айтылған болатын. Сәрсенбі күні зоопарк сайтында Мелманның өліміне этиологиясы белгісіз ми ісігі себеп болды деген ақпарат пайда болды.
"Кеше сайтты басқару мүмкіндігінен айырылып қалдық, қазір бәрі қалпына келді. Кеше біздің сайтта керіктің өліміне ми ісігі себеп болды деген ақпарат шықты. Бұл деректің қайдан алынғаны белгісіз, өйткені тап қазір қолымызда ешқандай сараптама нәтижелері жоқ", — деді Алиев бейсенбі күні агенттікке.