АСТАНА, 26 қаз – Sputnik. Мәжіліс депутаттары сәрсенбі күні ұзаққа созылған науқасынан қайтыс болған Сергей Дьяченко туралы естеліктерімен бөлісті.
Депутаттың қазасын сәрсенбі күнгі мәжілістің пленарлық отырысында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин естіртті. Нығматулиннің мәлімдеуінше, "Дьяченко барлық қажыр-қайраты мен тәжірибесін еліміздің, халқымыздың игілігі үшін жұмсады".
"Бұл кісімен 12 жылдан бері таныс едім. Өте адал адам, мықты мемлекет қайраткері. Сондай мейірімді жан еді, талай адамға көмегі тиді. Әрине, бұл қайғының орны толмас, ол әрқашан біздің жадымызда қалады", — деді мәжіліс депутаты Артур Платонов Sputnik агенттігіне.
Гүлжан Қарағұсова ұзақ уақыт бойы Дьяченкомен бірге қызмет етті.
"Ол жауапкершілігі мол жан еді, өз міндеттерін мұқият орындайтын. Қанша уақыттан бері сырқаттанып жүрсе де, жұмысын тоқтатқан емес", — деді Қарағұсова.