Қоғам

Мәжіліс депутаты Сергей Дьяченко дүние салды

© Photo : Служба центральных коммуникацийСергей Дьяченко
Сергей Дьяченко - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жалпы отырыс алдында депутаттар Сергей Дьяченконы бір минут үнсіздікпен еске алды.

АСТАНА, 26 қаз — Sputnik. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сергей Дьяченко сәрсенбі, 26 қазан күні өмірден озды, деп мәлімдеді палата төрағасы Нұрлан Нығматулин. 

"Ұзаққа созылған ауыр сырқатынан кейін бір сағат бұрын біздің әріптесіміз — Қазақстан Республикасының көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері Сергей Дьяченконың өмірден озғанын үлкен қасіретпен жеткіземін", — деді Нығматулин сәрсенбідегі мәжілістің жалпы отырысында. 

Нығматуллинн атап өткендей, Дьяченко парламент мәжілісі төрағасының орынбасары қызметін атқарған кезінде, Ақмола облысын басқарғанда, Қазақстан халқы ассамблеясында жұмыс істеген кезінде "өзінің бүкіл күш-жігерін, білімін, тәжірибесін біздің еліміздің игілігіне бағыттады". 

"Сергей Александрович қай жерде жұмыс істемесін үнемі мемлекет басшысының адал қызметтесі болған. Сергей Александровичтің туысқандарына, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз", — деді спикер.

Дьяченко Сергей Александрович Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Қазақстан Республикасы Ақмола облысының Шортанды елді мекенінде 1952 жылы 18 қыркүйекте дүниеге келді.

1973 жылы Куйбышев жоспарлау иститутының өнеркәсіп-экономика факультетін экономист мамандығы бойынша бітірді. Саяси білімі бар (Алматы Жоғары партия мектебі). Саяси ғылымының докторы. Докторлық диссертациясының тақырыбы — "Қазақстандағы демократиялық жаңғырту мәселелері (саяси талдау)".

Қазақстан Республикасы Саяси ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі. Жүзден астам ғылыми жұмыстардың, кітаптардың, оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторы. Еңбек жолын 1973 жылы Пенза облысы Кузнецк қаласындағы аспаптық жабдықтау және конденсаторлар зауытында инженер-экономист болып бастады.

1973 жылы КСРО Қарулы Күштері қатарына әскери қызметке шақырылды. Әскери қызметін Ресей Федерациясының Приморье өлкесіндегі Қызыл тулы қиыр шығыс әскери округінде атқарды. Әскери қызметтен соң туған елі Қазақстанға қайта оралады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запастағы полковнигі болды. Он жыл көлемінде Шортанды аудандық комитетінің нұсқаушысы қызметінен Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің екінші хатшысына дейінгі еңбек жолынан өтті.

1985-1991 жылдары аралығында — Қазақстан Компартиясы Көкшетау қалалық комитетінің бірінші хатшысы және сонымен қатар (1990 жылдан бастап) халық депутаттары Көкшетау қалалық кеңесінің төрағасы болды.

1991-1993 жылдары Қазақ КСР Жастар ісі, дене тәрбиесі және спорт жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы туризм, дене тәрбиесі және спорт министрінің орынбасары болды.

1993 —1999 жылдар аралығында қоғамдық ұйымдарда жұмыс істеді. 1999 және 2005 жылдарда өткен Мемлекет басшысын сайлау науқандарында Алматы қаласы бойынша Н.Ә.Назарбаевтың сенімді өкілі болды.

1999-2004 жылдар аралығында — екінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2004-2007 жылдар аралығында — үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2004 жылдың қараша айынан бастап — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары болды. 2006 жылдан 2009 жылға дейін Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып сайланды. 2007-2009 жылдар аралығында — төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2007 жылдың қыркүйек айынан бастап — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары. 2010 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола облысының әкімі лауазымына тағайындалды. 2012 жылдың қаңтар айы — 2016 жылғы наурыз айы аралығында бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары болды.

2016 жылдың наурыз айынан бастап — алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.


Жаңалықтар
0