АСТАНА, 26 қаз – Sputnik. Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнежазбада анасы ұрып соққан сәбиді Павлодардың балалар үйіне орналастырды деп хабарлады Павлодар облысы ІІД.
Бұдан бұрын Instagram әлеуметтік желісінде пайда болған бейнежазбада белгісіз бір әйел жыламсыраған сәбиді балағаттап, ұрып соққан. Бейнежазбаның астында әйелдің туған қызын бұрынғы күйеуін бопсалау үшін ұрғаны жазылған.
Кейіннен полиция әйелдің кім екенін анықтады. Ол Павлодар қаласының 1982 жылы туылған тұрғыны болып шықты.
Әйелге қатысты ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігі бойынша сот алды тергеу ісі жүргізілуде. Бұл бапқа сәйкес әйелге айыппұл салынып немесе 75 күнге қамауға алынуы мүмкін.
"2012 жылы туылған сәби Павлодар қаласының балалар үйіне орналастырылды", — делінген хабарламада.