АСТАНА, 19 қаз — Sputnik. Мерекелік кештегі төбелесте дене жарақатын алған алматылық қыз туыстарына "мені зорлады" деп өтірік айтқан деп хабарланды Алматы қалалық сотының сайтында.
1994 жылы туылған қызға қатысты қылмыстық іс Іле аудандық сотында қаралаған. Сот анықтағандай, қыз туған күн кешінде мас болып, басқа бір қонақпен төбелескен, соның салдарынан жеңіл-желпі дене жарақатын алған. Бұл оқиғаны жасыру үшін жас қыз туған-туыстарын, полицейлер мен дәрігерлерді алдапты. Ол "мені жолшыбай отырған автокөлік жүргізушісі зорлады" деп мәлімдеген.
Өтірік айтқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертулерге қарамастан, қыз тіпті арыз да жазған.
Куәгерлерден жауап алу кезінде ол өз қылығын мойындады.
"Жасалған қылмыс туралы көрінеу жалған мәліметтер беру" бабы бойынша сот үкімі оны айыпты деп тауып, бір жылға бас бостандығын айыру жазасын тағайындады.