АСТАНА, 16 қаз – Sputnik. Ирак премьер-министрі Хайдер аль-Абади елдің солтүстігіндегі Мосул қаласын "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобынан азат ету бойынша әскери операцияның басталғандығы туралы жариялады.
Қаланы азат ету бойынша әскери іс-әрекеттердің басталуы туралы премьер телевизиялық үндеу жасау барысында жариялады.
"Уақыт келді, ұлы жеңіс сәті жақындады… Мен бүгін Найнава (әкімшілік орталық болып Мосул қаласы табылады) провинциясын азат ету бойынша операцияның басталғанын жария етемін", — деді премьер.
РИА Новостидің Rudaw агенттігіне сілтеме жасай отырып жеткізуінше, операцияға 30 мыңға жуық ирак әскерилері мен күрді өзін-өзі қорғау күштерінің өкілдері қатысады. Қалада шамамен 3-4,5 мың ИМ содырлары мен шамамен бір миллион бейбіт тұрғын бар.
БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Стивен О'Брайен әскери операцияның 1,5 миллион қала тұрғындарына қауіп төндіретінін мәлімдеген.
"Мен ДАИШ-тан қаланы азат ету бойынша операциялардан зардап шегуі мүмкін, Мосулда тұратын 1,5 миллион адамның қауіпсіздігіне қатты алаңдаймын. Отбасылар жан-жақтағы атыстың ортасында қалып қоюы немесе снайперлердің нысанасына айналуы әбден мүмкін. Он мыңдаған ирак балалары мен қыздары, ерлері мен әйелдері қоршауда қалып қоюы немесе тірі қалқан ретінде пайдаланылулары мүмкін", — делінген О'Брайеннің таратылған мәлімдемесінде.