АСТАНА, 14 қаз – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұма күні қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшысын тағайындады.
Мемлекет басшысының Өкімімен Әнуар Мұратұлы Ахметжанов Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарланады Ақорданың ресми сайтында.
Бұған дейін Ахметжанов 2016 жылғы тамыздан бастап ҚР президенті әкімшілігінің инспекторы қызметін атқарған.
Әнуар Мұратұлы Ахметжанов 1975 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 1996 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2000 жылы "Болашақ" президенттік бағдарламасы бойынша Вашингтон қаласындағы (АҚШ) Джонс Хопкинс университетін тәмамдады. Біліктілігі бойынша халықаралық экономикалық қатынастар бойынша экономист, халықаралық қаржы және халықаралық қатынастар бойынша магистр.
Еңбек жолын 1996 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде "Халықаралық қатынастар" кафедрасында оқытушы болып бастады.
Әр жылдары "Қазақойл" Ұлттық Мұнай компаниясы" ЖАҚ, "ҚазМұнайТеңіз" Халықаралық Ұлттық компаниясы" АҚ, "ҚазМұнайгаз" Ұлттық компаниясы" АҚ, "Самұрық" холдингі» АҚ түрлі қызметтерді атқарды. Сонымен қатар "ҚазГерМұнай" бірлескен кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының бірінші орынбасары, Қарағанды облысы әкімнің орынбасары қызметтерін атқарды.