АСТАНА, 13 қаз – Sputnik. ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов "Тұрғын үй құрылысына үлестік қосылу туралы" жаңа заңға түсініктеме беріп, үлестік құрылыс мәмілелерін рәсімдеу жөнінде азаматтарға ұсыныс берді.
Бас прокуратураның мәліметінше, бүкіл Қазақстан бойынша 450-ге жуық проблемалық нысан мен жауапсыз салушылардың әрекеттерінен зардап шеккен 60 мың адам бар. Мысалдардың бірі – елордалық "Азбука жилья" құрылыс компаниясы.
«Азбука жилья» компаниялар тобының басшысы Ерқанат Тайжанов үлестік құрылысқа қаражатын салған екі мыңнан астам адамды алдады. 2015 жылғы шілдеде "Азбука жильяға" қатысты қылмыстық тергеу басталды. Оның құрылтайшысы Ерқанат Тайжанов Австрияда ұсталды. Жақын арада оны Қазақстанға береді. Негізгі іс бойынша тергеу әзірге тоқтатылған.
"Құрметті депутаттар, көптеген қылмыстық істерді біз соңына дейін жеткізбей жатырмыз деп сынға алып жатасыздар. Тайжановқа қатысты оқиға нағыз сорақылық. Осы адамның кінәсін дәлелдеу үшін 900 том жинадық, бұл өз кезегінде 16 мың парақ құжатқа тең. Осыған полиция мен прокуратура көп күш жұмсады. Жүздеген сараптамалар қамтылды", — деді Асанов.
Бұл ретте ол Тайжановты кәдімгі қылмыскер, алаяқ адам деп сипаттады. "Егер бұл қаржыны долларға шақсақ, 42 млн долларды жымқырып, Австрияда бой тасалады. Ол қазір бұл елде үйқамақта отыр. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда және нәтиже болғанда хабарын береміз", — деді бас прокурор.
Қазақстанның Бас прокуроры азаматтарға 2016 жылғы 10 қазанда күшіне енген "Тұрғын үй құрылысына үлестік қосылу туралы" заңға түсініктеме берді.
"Тұрғын үй – өмірдегі ең басты қажеттіліктің бірі. Халқымыз "Үйі жоқтың күйі жоқ" деп бекер айтпайды. Оны қол жетімді ету үшін елімізде арнайы бағдарламалар іске асуда. 25 жылда миллионнан астам отбасы баспаналы болды. Бірақ, осы мәселенің басқа да жағы бар. Кейбір құрылыс компаниялары арзан бағамен қызықтырып, күмәнді шарттар ұсынып, көп адамды алдап кетті. Азаматтар жылдап жинаған ақшасынан айырылып, армандаған пәтерін ала алмай қалған", — деді Асанов.
Бас прокурордың атан өтуінше, жаңа заңға сәйкес, енді құрылыс компаниялары үлескерлердің ақшасын тек екі жағдайда ғана тарта алады: арнайы Қор компанияға кепілдік берсе; немесе әкімдіктің рұқсат қағазы болса.
"Ал, әкімдік рұқсатты қандай жағдайда береді? Құрылыс бітеді деп банк кепілдік берсе немесе үйдің қаңқасы (каркасы)салынып бітсе. Сөйтіп, бұл заң алаяқтардың қармағына түсіп қалмауға бөгет болмақ. Сондықтан қазақстандықтарды заңға сүйеніп, ескертетінім – кез-келген жарнамаға, ауызша берген уәдеге сеніп, «үй салатын жері бар екен ғой» деп ақшаларыңызды кім болса соған бермеңіздер! Сөзсіз, әркім өз ақшасына өзі ие. Бірақ, компанияның құжаттары заң талаптарына сәйкес болмаса да, оған ақшасын беріп, алданып қалғандардың алдында жергілікті әкімдік те, Кепілдік қоры да жауап бермейді. Әрине, алаяқтар қылмыстық жауапкершілікке тартылар. Бірақ, түбінде үйдің құрылысы аяғына дейін бітпей, ақшаңыз қайтарылмай қалуы мүмкін", — дейді Асанов.
Сонымен қатар, бас прокурор ақшаны үлескерлік құрылысқа берместен бұрын компаниядан екі құжаттың бірін талап етуге кеңес берді. Олар: кепілдік қорымен жасалған шартты немесе әкімдіктің рұқсатын.
"Бұл құжаттарды өз көзіңізбен көріп, мұқият оқып шығыңыз. Бірақ, олар да жалған болуы мүмкін. Ең дұрысы – өзіңіз әкімдікке барып немесе оның ресми сайтынан әкімдіктің рұқсаты немесе Қордың кепілдігі бар ма, жоқ па, соған көз жеткізіңіз", — деп шегеледі қадағау ведомствосының басшысы.
Мұндай құжат бар болса, онда екінші қадам – "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа" қол қою. Бірақ, одан бұрын оны да бастан-аяқ оқып шығып, Ұлттық экономика министрі бекіткен (28.07.2016 №345 бұйрық) үлгілік шартпен салыстырыңыз.
"Шарттың басқа түрлерін жасауға тыйым салынған. Бұрын компаниялар ақша тарту үшін "инвестиция жасау", "бірлескен қатысу", "алдын-ала сату" шарттарын ұсынатын. Енді мұндай құжат түрлері заңсыз. Келісім тек "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт" деп аталуы керек. Бұл өте маңызды", — деп түсіндірді бас прокурор.
Бұл шарт әкімдікте есепке алынғаннан кейін ғана жасалған және заңды күші бар деп саналады. Шарттың мазмұнында қандай да бір күмәніңіз туса, заңгерден, әкімдіктен сұраңыз, құқық қорғау органына сауал жіберіңіз.
"Алданып қалмау үшін осылай барынша сауатты қимылдаған жөн. Егжей-тегжейлі ақпаратты әкімдіктердің және арнайы ашылған ulesker.kz сайтынан алуға болады. Алаяқтардың көбеюіне өзіміз жағдай жасамайық, қадірлі азаматтар!", — деп түйді Асанов.