Медициналық университеттің студенті Ерасыл Әубәкіровтің қоғам назарына ілінген өліміне қатысты үкімнің шығарылуына адвокаттар, тілшілер, тараптардың туған-туыстары жиналды.
Істі қарау Астана қаласының қылмыстық істер бойынша арнаулы ауданаралық сотында жабық режимде Асхат Әшірбековтің төрағалығымен өтті.
Соттың алдын ала тыңдауларында атап өтілгендей, соттың жыныстық қылмыс туралы істі қарауы іске қатысты тұлғалардың жеке өмірі туралы мәліметтің тарап кетпеуі үшін жабық түрде өткізілді.
Сотталушылар үшеу: Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенев және Нұрбек Әжімбай. Бұрын бұл іске тағы бір күдікті болды – Аян Мейірбаев; соңынан оған қатысты қылмысты қудалау тоқтатылды.
Сот үкімі бойынша, Әжімбай Нұрбек 20 жылға, Виталий Шерстенев 11 жылға, Андрей Тихоненко 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Үшеуі де жаза мерзімін қатаң режимді колонияда өтейді.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.