Астана, 10 қаз – Sputnik. Теміртау ІІБ жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік батальон қызметкерлері 55 жастағы Теміртау тұрғынын өрттен құтқарып қалды деп хабарлады Қарағанды облысының ІІД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров Sputnik агенттігіне.
7 қазан күні кешке патрульдегі полиция қызметкерлеріне бір бала жүгіріп келіп, Металлургтар даңғылындағы пәтерлердің бірінен өрт шыққанын айтып, көмек сұраған.
"Өрт кешкі жетілерде басталды. Полиция қызметкерлері – 25 жастағы Телеужан Еспенбетов, 26 жастағы Әлібек Ахметов және тағылымгердер – Владимир Казаков пен Меңлібай Аян – болған оқиғаны кезекші бөлімшеге хабарлап, өздері өрт шыққан пәтер орналасқан үйдің терезелерін қаққан", — деді Құдияров.
Өртке оранған бөлмеде иіс газынан уланып, ес-түссіз жатқан ер адамды далаға шығарып, "жедел жәрдем" дәрігерлеріне берген.
55 жастағы пәтер иесі темекі шегіп отырып ұйықтап кеткендіктен, өрт шыққандығы кейіннен анықталды.
Теміртау қаласының ІІБ ЖПҚ жол-патрульдік батальоны басқармасы полиция қызметкерлерін көтермелеу туралы ұсыныс дайындады.