АСТАНА, 6 қаз — Sputnik. "Бұрғылау" ЖШС басқармасы бірнеше күн бойы ереуілге шыққан бұрғылаушылардың еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшу талабын орындауға келісті деп жазды Тумба.kz.
Ереуілшілердің шарттары
"Бұрғылау" мұнай сервис компаниясының бұрғылаушылары алты күн бойы Жаңаөзен қаласында ереуілге шықты. Жұмысшылар "ҚазМұнайГаз" жасап шығарған еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне (ЕСОТ) көшуді талап еткен болатын. 500 адам ресми түрде аштық жариялау үшін қол жинаған еді.
Облыс әкімі Алик Айдарбаев, облыстық прокуратура өкілдері, облыстың еңбек басқармасы өкілдері, жұмысшылар тобы және "Бұрғылау" ЖШС басқармасымен бірігіп, келісімшартқа қол қойды. Жұмысшылар қойған бар талаптар бойынша ортақ келісімге қол жеткізілген. Облыс әкімі Алик Айдарбаевтың айтуынша, "Бұрғылау" ЖШС жыл соңына дейін қосымша жұмыс көлемін алады, кәсіпорынға арнап бұрғылау үшін жалпы сомасы алты миллиард теңгені құрайтын 34 ұңғымаға тапсырыс берілді.
"Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі — "ҚазМұнайГаздың" ішкі құжаты, "Бұрғылау" компаниясы ЖШС болғандықтан, бұл жүйеге ене алмайды. Бірақ компания басқармасы осы жүйге ұқсайтын өзінің еңбекақы төлеу жүйесін жасап шығарады. Сондай-ақ "Бұрғылау" ЖШС мен "ҚазМұнайГаз" арасындағы қызмет көрсету тарифтерін қайта қарау мәселесі талқылануда", — дейді Алик Айдарбаев.
Ереуілге шыққан жұмысшылардың тағы бір талабы орындалды. Сәкен Бекғалыев компания кәсіподағы төрағасы боп сайланады. "Бұрғылау" ЖШС басқармасы кәсіподақ төрағасының сотталғандығын аппеляциялық тұрғыда жоюға келісімін берді.
Консенсусқа дейінгі жеті сағат
Күндізгі сағат екіден кешкі тоғызға дейін жүргізілген ұзақ келіссөздерден кейін тараптар ортақ келісімге келді. Содан соң облыс әкімі Алик Айдарбаев пен кәсіподақ төрағасы Сәкен Бекғалыев жұмысшылардың алдына шығып барлық мәселе бойынша толық мәмлеге келгендіктерін айтты. Осымен жұмысшылар үйді-үйлеріне тарқасты.
"Талаптарымыз орындалды, сондықтан ертеңнен бастап кәсіпорын жұмысшылары қайтадан өз жұмыстарына кіріседі", — деп мәлімдеді Сәкен Бекғалыев.
Ереуілдің кесірінен кәсіпорын бір апта жұмыс істемеген болатын.