АСТАНА, 23 қыр – Sputnik. Шымкенттегі жол апатынан төрт адам қаза тапты. Өз тойына асыққан күйеу жігіт, оның екі қарындасы мен көлікте болған тағы бір ер адам қаза тапты, деп хабарлайды өңірлік Otyrar.kz. басылымы.
"Ташкент-Алматы-Термез" тас жолының бойында "Ақжол" дәмханасына жақын маңда Mercedes-Benz көлігі жол бойында тұрған Газель жүк көлігіне соқтығысқан. Оқиға салдарынан жеңіл көлікте болған үш адам қайтыс болды.
Куәгерлердің айтуынша, Mercedes-Benz жоғары жылдамдықта жүйіткіп келіп, жүргізушісі көлікті игере алмай қалған. Салдарынан жол жиегінде тоқтап тұрған Газельге барып соғылған.
Соққының қатты болғаны сонша, жеңіл көлік адам танымастай болып мыжылып қалған. Салонда болған үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізушіні жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кеткен. Алайда, ол да алған дене жарақаттары салдарынан жолда қайтыс болды.
Оқиға болған сәтте Газельде адам болмаған. Оның жүргізушісі тамақтанып алу үшін дәмханаға кіріп кетіпті.
Белгілі болғандай, Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі бүгін үйленуі тиіс болған. Қалыңдығы басқа көлікте болған, ол дін аман. Апат бір жолағы жөндеуге жабылған жолд болған. Бұл өткен үш тәулікте үшінші қанды жол апаты.
19 қыркүйек күні кешкі сағат 18-00 шамасында Алматы-Ташкент-Термез тасжолында "Форд" шағын автобусы мен «Тойота» жеңіл көлігі соқтығысып, Фордтың 56 жастағы жүргізушісі және шағын автобуста отырған 51, 46 және 45 жастағы жолаушылар, "Тойота" көлігінің 29 жастағы жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Оқиға орнында ажал құшқан 5 адамның төртеуі ер адам, ал біреуі — әйел. Бұған қоса 16 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Шымкенттегі ауруханаға жеткізілген. Олардың бірі — 3 жасар қыз бала есін жимаған күйі қайтыс болған еді.
Сондай-ақ, 21 қыркүйек күні Шымкент-Ташкент тасжолындағы Қазығұрт асуына жақын жерде Фольксваген Джетта және Киа шағын автобусы соғысып қалған еді. Соның салдарынан екі адам мерт болып, алтауы жараланған болатын.