АСТАНА, 15 қыр —Sputnik. Елордада "Қуатты өңір – қуатты Қазақстан" акциясы аясында Өңірлер күндері жалғасады деп хабарланады елорданың ресми сайтында.
Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне 12 аудан мен Орал қаласының кәсіпкерлері қатысады. Жәрмеңкеде 200 тоннадан астам көкөніс, ет, консерві, ұн және макарон өнімдер, бал, балық, квас, шырын, сусын және т.б. сатылады. Бейбітшілік және келісім сарайында Батыс Қазақстан облысының тарихи-өлкетану мұражайының «Ақжайық ару мекенім» тақырыптық көрмесі көпшілік назарына ұсынылады. 18 қыркүйекте сағат 16.00 Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің, Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің, "Назерке", "Ақжайық" би ансамбльдерінің және т.б. өнер иелерінің қатысуымен гала-концерті өтеді.
Атырау облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне 34 тауар өндіруші қатысып, жалпы көлемі 90 тонна өнім шығарылады. Астаналықтарға балық, көкөніс, сүт және ет өнімдері, шұжық өнімдері, салат, жұмыртқа ұсынылады.
Жәрмеңке кезінде облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.
17 қыркүйекте сағ.18.00-де Бейбітшілік және келісім сарайының фойесінде Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының "Ғасырлардан сыр шерткен Атырау" атты көрмесі ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, сағ.19.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Атырау облысы өнерпаздарының гала-концерті өтеді. Сахна төрінде "Інжу-Маржан", "Махамбет", "Жем Аруы", "Шынарым-ай" би ұжымдары, "Мұрагер" фольклорлық ансамблі, облыстық филармония солистері мен орындаушылары өнер көрсетеді.
18 қыркүйекте сағ.19.00-де Астана қаласының Жастар театрында облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрының әртістері Ш. Айтматовтың "Мәңгүрт" атты қойылымын көрсетеді.