НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Джо Байден Еуропаның көңілін қалдырды. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып Францияның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Жерар Аро ашық айтты, деп жазды РИА Новости.
"Біз көріп отырғанымыз – бұл америкалық тараптағы ұзақ мерзімді қозғалыс. Обама Еуропаға алаңдамады. Трамп Еуропаны жау көрді. Енді Байден. Ашық айтсам, Байден бүкіл Еуропа үшін үлкен түңіліс болып отыр", - деді Жерар Аро.
Дипломат қазіргі америкалық әкімшілік Ескі Әлемнің істеріне қызығушылық танытпай отыр деп наразы. Еурокомиссия Байден командасына бірлесіп жұмыс істеуге болатын салалар бойынша сауалдар тізімін жолдады: бұл киберқауіпсіздік, криптовалюта, жоғары технологиялар саласындағы салық. Алайда әлі жауап жоқ.
"Ешқандай бастама жоқ. Еуропа мен америкалықтар қандай да бір сала бойынша бірлесіп жұмыс істейтіні туралы ешқандай мәлімдеме жоқ. Америкалықтар Қытайға назар аударды. Олардың сыртқы саясаты: Қытай, Қытай, Қытай".
Француздар да абдырап қалды. Австралияға арналған сүңгуір қайықтарға қатысты дау Париж үшін аса саңызды дипломатиялық операцияның жолын кесті. Француз СІМ соның арқасында Вашингтонмен қарым-қатынасты мейлінше нығайтуға үміттенді. Осы жылдың қыркүйегінде Чесапик шайқасына жыл толды. 1781 жылы дәл осы француз флоты британдарды жеңілуге мәжбүр ететін шешуші соққы жасап, АҚШ тәуелсіздігі үшін соғыстың бағытын өзгерте алды. Енді араға екі жарым ғасыр салып, француздар мен британдар Американың жақын одақтасы болу үшін тайталасып отыр.
Америкалық серіктестерге бұрынғы ерлік жайлы естеріне салмақ мақсатта мерейтой құрметіне Франция елшілігінде салтанатты жиын жоспарланды. Алайда ол кезде француз елшісі Парижге қайтарылып, шараны кейінге қалдыруға тура келді. Макрон Байденмен ашық түрде жанжалдасудан бас тартып, оның орнына австралиялық премьерге шүйлікті.
АҚШ ырқына қарсы шығу үшін Шарль де Голль екпіні керек секілді. Ол доллардан бас тартып, өз елінен НАТО-ның штаб-пәтері мен америкалық базаларды кетірді, Қытай және КСРО-ммен өз бетінше келіссөз жүргізді. Бірақ Батыс Еуропада мұндай саясаткер жоқ секілді. Париж, Брюссель, Берлин көптен бері сөз етіп жүрген "біріккен еуропалық әскерге" қолбасшылық ететін тұлға жоқ. Бірақ ниет бар.
Америкалықтар барлығына Ауғанстаннан кететіні туралы біржақты шешім қабылдағанын мәлімдеген соң, еуропалықтар АҚШ-қа әлі де тәуелді екеніне кезекті рет көзі жетті.
Осы жылдың мамырында Еуроодақтағы 14 елдің қорғаныс министрлері 5000 әскери қызметкерден тұратын біріккен жедел әрекет ету күштерін құруды ұсынды. Ол әскер күрделі жағдайда жұмылдырылатын болады. Мысал ретінде еуропалықтар АҚШ көмегінсіз өз өкілдері мен азаматтарын эвакуациялай алмаған Кабулдағы жағдайды атады. Бірыңғай қарулы күштер туралы идея тұңғыш рет Еуропада 1999 жылы айтылды. 2007 жылы жедел жауынгерлік топтардың ұжымдық жүйесі құрылды. Алайда күні бүгінге дейін ол бірде-бір рет қолданылған жоқ.
"Еуропа қорғанысы" бойынша саммит келесі жылдың бірінші жартысында Брюссельде өтеді деп жоспарланып отыр. Алайда әскери салада басымдық әлі де басқа ұйымның – НАТО-ның қолында тұр. Сондықтан қайтадан барлық мәселе АҚШ-қа қарап тұр. Еуропалықтар ойланып отырған шақта Еуроодақ пен Солтүстікатлантикалық альянс арасындағы қарым-қатынастың жаңартылған тұжырымдамасын осы ұйымның Бас хатшысы Йенс Столтенберг желтоқсанда таныстырады.
АҚШ Еуропаны әскери бақылауда ұстауын жалғастырып отыр. Барлық құқықтар мен ноомаларды бұзумен қатар Еуропаның өзіне орасан зор зиян келтірген Югославияны бомбалау оқиғасынан кейін Балкан аралдарында, Косовода америкалық ірі әскери база Бондстил пайда болды.
Президент Макрон НАТО-ға қатысты қанша сын айтқанмен, еуропалықтардың өздерінің де миы ашып жатыр. Америкалықтар "Солтүстік ағын – 2" газ құбырының құрылысына қатысты бұйрық беріп, одан соң Еуропаға уәде еткен сұйылтылған газ тиелген танкерлерді тиімді болғандықтан Шығыс Азияға бағыттап жіберді.
Байденнің Еуропадан жеткізілетін алюминий мен болатқа Трамп енгізген тарифтерді алып тастауға келісуін америкалықтардың аз да болса өз дегенінен кері шегуіне деп қарастыруға болады. Бірақ бұл квота еуропалықтарға жартыға жуық қысқарып қалған алюминий мен болат импортын қалпына келтіруге мүмкіндік бергенімен, оның көлемін ұлғайтуға шектеу қояды.
Вашингтон үшін Лондон америкалық бастамаларды насихаттауда негізгі одақтас ретінде қалып отыр. Мұнда Қытаймен бірлескен жобалар бірнеше жылдан бері тоқтатылып келеді. Бұйрық бойынша авиатасымалдағышты Оңтүстік Шығыс Азияға жөнелтті. Трамп билікте болған шақта-ақ британдықтар қытай Huawei компаниясының 5G желісін дамытудан бас тартты. Бірақ америкалықтармен одақтас болудың жемісін көріп жатқан британдықтар жоқ. Дональд Трамптың Еуропаны қатты үрейлендіргені соншалық, мұнда оның орнына келген Джо Байденге қатты қуанды. Алайда қазірдің өзінде британ басылымдары АҚШ президенті жайлы екіұдай пікірлер жазуда.