Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Путин америкалық президенттермен ондаған кездесу ұйымдастырды. Алайда АҚШ билігі ауысқан сайын екі елдің қарым-қатынасы нашарлай беруде. Бұған Ақ үй иелерінің Владимир Путинге жеке көзқарасы немесе оған қатысты білдірген пікірі себеп емес. Себебі тым тереңде жатыр.
Осы тұста екі ел көшбасшыларының кездесуі, жоғары деңгейдегі диалогтың жоқтығы да байқалатынын айта кету керек. Ол сонау қырғи-қабақ соғыстан кейінгі 80-жылдардағы деңгейге жеткелі отыр. Сондықтан бүгін өтетін кездесуді әлем жіті бақылап отырғаны белгілі. Бұл ауқымды мәселелер көтерілетіндей ұзақ уақытқа созылған диалог болмауы мүмкін. Бірақ жоқтан жақсы, әрі жақсылықтың нышаны іспеттес.
Әйтсе де, Кремль мен Ақ үй де Женева саммитіне қатысты қандай да бір үлкен нәтиже күтпейтінін мәлімдеген болатын. Бұл рас. Бірақ мұндай төмендетілген болжам кездесуден кейінгі аз нәтиженің өзін үлкен жетістік ретінде жариялау үшін де әдейі жасалуы мүмкін.
Соңғы жылдары АҚШ тарапынан Ресей мен Путинге қатысты бірқатар "іс атқарылды". Сондықтан Байден әкімшілігі Женева саммитін өз жетістігі ретінде көрсетуге тырысатыны анық. Ал келіссөздер мазмұны мен қорытынды бәрібір құпия күйінде қалады. Сондықтан оны әркім өзіне қарай бұрмалап мәлімдеме жасай алады.
АҚШ-тың Ресей мен Қытайға қатысты көзқарасын өзгертетіндей диалог жүруі екіталай. Себебі соңғы уақытта америкалықтардың аталған екі мемлекетке қарсы ұстанымдары мүлде басқа бағытта жүріп келеді.
Сондай-ақ Украина мәселесі бойынша да ілгерілеу болады деп күтпеген абзал. Себебі америкалықтар Украина төңірегіндегі дауды Ресейге қысым жасаудың құралы ретінде пайдалануын тоқтатпайды.
Сондықтан Женева саммитінде келелі мәселелер талқыланып, ондағы диалог нәтижесінде ауқымды жетістіктерге қол жеткізу үшін ең алдымен сенім болуы керек. Мемлекеттер арасында бір-біріне сенім жоқ жерде кез келген келіссөздің мәні де, маңызы да кетеді.