Әлем

Локдаун, коммендаттық сағат және карантин: әлемде не болып жатыр?

© AFP 2024 / Ozan KoseПара в масках на улице Стамбула, Турция
Пара в масках на улице Стамбула, Турция - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.05.2021
Жазылу
Коронавирус пандемиясы басталғалы әлемде үш миллионнан астам адам көз жұмды. Қазір кей елде тәулігіне үш мың адам инфекциядан қайтыс болып жатыр

АЛМАТЫ, 2 мамыр – Sputnik. 2020 жылы Қытайдан шыққан Covid-19 аз уақыт ішінде әлемге тарады. Бір жылдан аса уақыт ішінде әлемде 152 миллионнан астам адам инфекция жұқтырды, оның үш миллионнан астамы қайтыс болды. Коронавирусқа қарсы бірнеше вакцина шықты, алайда коронавирустың мутацияланған түрі көбейіп келеді. Sputnik Қазақстан республикадағы және эпидемиологиялық ахуал күрделе түскен елдердегі жағдайға шолу жасады.

Үндістанда Covid-19 өршіп тұр

Үндістан дәл қазір коронавирустың ошағына айналды. Ел ішінде мәйітті өртеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

Edition.cnn ақпаратына сәйкес, Үндістанда бір тәулікте 401 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды. Осылайша пандемия басталғалы елде инфекция жұқтырғандар саны 19,5 миллион адамнан асып түсті. Кейінгі он күнді Үндістанда тәулігіне үш жүз мыңнан астам адамның сырқаттанғаны анықталып жатыр. Ал елде инфекциядан қайтыс болғандар саны 215 мың адамнан асты. Төрт күннен бері күн сайын 3 мың адамнан қайтыс болып жатыр.

Массовая кремация умерших от COVID-19 в крематории в Нью-Дели - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.04.2021
Әлем
Үндістанда адамдар туыстарының мәйітін өртейтін орын үшін төбелесе бастады
РИА Новости ақпаратына сүйенсек, бірінші мамырда елде 392 488 адамнан коронавирус табылды, 3 689 адам қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Махараштра штатындағы жағдай ең күрделі деп бағаланып отыр. Мұнда бір күнде 63,2 мың адамның Covid-19 жұқтырғаны анықталды.

Махараштрадан кейін Карнатака (40 990), Керала (35 636), Уттар-Прадеш (30 180) және Дели (25 219) штаттары науқастар саны жағынан алдыңғы қатарда тұр.

Үндістанда 1,3 миллиардтан астам адам тұрады. Қазірге дейін халықтың 2%-і вакцинаның екі бөлігін де салдырды.

Қазір Үндістанда коронавирусқа қарсы үш вакцинаны қолдануға рұқсат берілген. Олар: Covieshield, отандық Covaxin және ресейлік "Спутник V" вакцинасы.

Бірінші мамырда Үндістан астанасында инфекция жұқтырғандардың көбеюіне байланысты Делидегі карантин тағы бір аптаға ұзартылды. Бұған дейін Дели билігі 19 сәуірде қалаға карантин енгізді. Соған сәйкес кеңседе жұмыс істейтіндер үйге ауысты, қаладағы мейрамханалар мен азық-түлік сатпайтын дүкендер мен сауда орталықтары жабылды. Сондай-ақ, жаппай іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Қоғамдық көліктегі адам саны да шектелді. Үйлену тойы мен қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне санаулы адам қатыса алады. Сондай-ақ Делиде 22:00-ден 05:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілген.

Қалада тек мемлекеттік қызметкерлер мен қала билігі, аурухана, полиция, өрт сөндіру қызметі, азық-түлік дүкендері, банк пен ғаламтор мен электрге жауап беретін компанияларға жұмыс істеуге рұқсат берілген.

Айта кетейік, бұған дейін ғалымдар Үндістанның Батыс Бенгалия штатында коронавирустың B.1.618 жаңа штаммын анықтаған болатын. Осы елдің эпидемиология профессоры Мадхура Паидың айтуынша, жаңа штаммда үш бірдей мутация бар. Сол себепті вирус жылдам таралады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, коронавирустың үндістандық штамы Еуропаның 10-нан астам елінде тіркелді. Ұйым өкілдері осы вирустың вакцина алғандарға да, коронавируспен ауырып шыққандарға да қауіп төндіріп тұрғанын мәлімдеді. 

Америкадағы ахуал

Америка Құрама Штаттары – әлем бойынша коронавирус жұқтырған адам саны ең көп тіркелген елдің бірі. Мұнда қазірге дейін 33 миллион адамнан коронавирус анықталған. Оның ішінде 590 мыңнан аса адам қайтыс болды. Мұнда тәулігіне шамамен 40-50 мыңға жуық адамнан коронавирус инфекциясы анықталып жатыр. Мысалы, бірінші мамырда Калифорния штатында 1540 адамнан вирус табылды, осы штатта 98 адам қайтыс болды. Флорида штатында 5419 жаңа жағдай тіркелді, бір күнде 79 адам қайтыс болған.

Reuters ақпаратына сәйкес, Америка халқы коронавирусқа қарсы күреске кірісті. Қазірге дейін елде 100 миллион адам вакцинаның бірінші және екінші бөлігін салдырды. Орта есеппен АҚШ-та күніне 2,7 миллион вакцина дозасы салынады.

Елдің Нью-Гемпшир штатында тұратын халықтың 60%-і вакцинаның бірінші дозасын салдырды, ал 30%-і толық вакцина алды. Екінші орында Массачусетс штаты тұр. Мұнда 56%-і бір дозасын, 36%-тен астам бөлігі толық вакциналанды. Үшінші орында Вермонт штаты тұр. Мұнда тұрғындардың 55%-і вакцинаның бірінші бөлігін салдырған.

Ресейдегі эпиджағдай

РИА Новости ақпаратына сәйкес, бірінші мамырда Ресейде 9270 адамнан Covid-19 анықталды. Ал оның алдында бір тәулікте 8731 адамнан коронавирус табылған еді. Осылайша өсім қарқыны 0,19%-ті көрсетіп тұр. Бір күнде 392 адам қайтыс болды.

Женщина в маске - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.04.2021
Қоғам
Коронавируспен ауырған дұрыс па, әлде вакцина салдыру керек пе - маман жауабы
Науқастардың басым бөлігі Мәскеу (3 208), Санкт-Петербург (737), Мәскеу облысы (649), Ростов облысы (228) мен Нижний Новгородта (166) тіркелген.

Ресейде пандемия басталғалы 4 миллион 8 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды, оның ішінде 110 мыңнан аса адам қайтыс болды.

Соған байланысты енді шетелден келген ресейліктер коронавирустың бар-жоғын анықтауға кем дегенде бір күн аралықпен екі рет коронавирусқа тест тапсыруы керек. Бұған дейін Ресейге шетелден оралғаннан кейін үш күн ішінде COVID-19 үшін бір ғана талдау қажет болды. Тек Түркия мен Танзаниядан келгендер ғана екі рет тест тапсырған еді.

"2021 жылдың 1 мамырынан кейін шет елдерден Ресей Федерациясының аумағына келгендер Ресей Федерациясының аумағына кірген күннен бастап бес күнтізбелік күнге дейін ПТР әдісімен COVID-19 үшін қайта зертханалық тексеруден өтуі керек", - делінген елдің бас санитар дәрігері қол қойған құжатта.

Қаулыға сәйкес, екі қайталама талдау арасы кемінде бір күн болуы керек.

Елде науқастар саны өсіп жатқанымен жағдай ушығып тұр деуге келмейді.

Түркияда локдаун енгізілді

Коронавирус пандемиясы өршіп тұрған елдің бірі – Түркия. Бұған дейін Түркия президенті Тайып Ердоған коронавирустың таралуына  байланысты елде 29 сәуір 19.00-ден 17 мамырға дейін елде толық локдаун жариялады. Ішкі іштер министрлігі нұсқауымен босатылғандарды қоспағанда барлық ұйым мен мекеме қызметін тоқтатты. Қалааралық сапарларға биліктен рұқсат алғаннан кейін ғана рұқсат беріледі. Коменданттық сағат шетелдік туристерге қолданылмайды.

"Шара нәтижесін көрсете бастады. Рамазаннан кейін қалыпты жағдайға оралу үшін науқастар саны тәулігіне бес мыңға дейін азаюы керек. Әйтпесе біз туристік қызметке орала алмаймыз", - деді Ердоған.

Айта кетейік, пандемия басталғалы елде 4 миллионнан астам адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде қырық мыңнан аса адам қайтыс болды.

Елдегі жағдайдың күрделенуіне байланысты Ресей 15 сәуірден бастап бір жарым айға Түркияға тұрақты және чартерлік рейстерді тоқтатты.

Бұл елде коронавирус жұқтырғандар саны тәулігіне 50 мыңнан асып жатқандықтан Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті қазақстандықтардан Түркияға саяхаттауды кейінге қалдыруды сұрады.

Қазақстанда жағдай қалай болып тұр?

Қазақстанда пандемия басталғалы 325 мыңнан аса адам инфекция жұқтырды, оның ішінде 3700-ден аса адам қайтыс болды. Елімізде коронавирус тудырған пневмония да қатар есептеледі. Өткен жылдың тамызынан бері 53 мыңнан аса адам пневмонияға шалдықты, 807 адам қайтыс болды. Қазақстанда қазір коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше түрі бар. Бірінші ақпаннан бері қазақстандықтар ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдырып жатыр. Ақпанның соңында отандық QazVac елдегі вакцина салу пункттеріне жеткізілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің екінші мамырдағы ақпараты бойынша, елде 1 346 000 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.

Қазір елдің сегіз өңірі коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақта тұр. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында бір тәулікте 429 адам, Алматы қаласында 685 адам, Алматы облысы – 275 адамнан коронавирус анықталды.

  • "Қызыл" аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстары.
  • "Сары" аймақта: Шымкент қаласы, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары.
  • "Жасыл" аймақта: Түркістан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр.

Бірінші мамырда Қазақстан республикасының бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов карантиндік шектеулер туралы жаңа қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес, вакциналанған азаматтардан Қазақстан шекарасынан өту кезінде ПТР анықтамасы талап етілмейді  Сол сияқты шетелден Қазақстанға келетін адамдар мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде, теріс нәтиже көрсетілген ПТР анықтама ұсынуы керек.

Жаңалықтар
0