НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір — Sputnik. Донбастағы қақтығыс ушығып, украин саясаткерлері мәлімдемелер жасауына байланысты АҚШ Еуропадағы әскери базаларды "ықтимал дағдарыс" деңгейінен "әлеуетті болмай қалмайтын дағдарыс" режиміне ауыстырды. Америкалық New York Times басылымы Украинаның оңтүстік-шығысындағы соғыс қимылдарының күшеюі және "Мәскеудің аймақта әскери белсенділікті арттыруына" байланысты Пентагон осындай қадамға барғанын жазды.
Украинаның оңтүстік-шығысында бысып жатқан әскери-саяси от әне-міне қайтадан жаңа күш алатын секілді. Киев Минск келісімін елемей, отқа май құйып отыр, деп жазды РИА Новости.
ДХР басшысы Денис Пушилин соғыс болу ықтималдылығы жоғары екенін айтты.
"Киевтің әрекетіне қарағанда жағдайды соғысқа дейін жеткізбеу мүмкін емес, - деді ол "Россия 24" телеарнасының эфирінде. – ДХР мен ЛХР бұл текетірес саяси жолмен шешілуі үшін барын салып жатыр. Бірақ Киев басқа бағытқа бет алған секілді. Қазір біз Украина тарапынан тек өтірік пен қулықты көріп отырмыз. Мұндай жағдайда саяси реттеу мүмкіндігі жоқтың қасы".
Киевтің арандату әрекеті оңтүстік-шығысқа ғана емес, батысқа қарай да ығысып жатыр. Күні кеше Пентагонның ресми өкілі Джон Кирби "Вашингтон Ресейдің Украинамен шекаралас аймақтағы әскери дайындығы жайлы хабардар" екенін мәлімдеді.
Ал Кремль Ресей әскері Украинадағы соғыс қимылдарына қатыспағанын және қазір де қатысып жатпағанын баса айтуда. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Донбастағы қақтығыс – Украинаның ішкі мәселесі. УҚК-ның арандату әрекеттері салдарынан азаматтық соғыстың жандануын ешкім қаламайды.
"Валдай"аналитикалық клбуының әскери сарапшысы Артем Куреев Украина президенті Владимир Зеленский өз бетінше шешім қабылдауға қауқарсыз екенін және АҚШ-тың айтағымен жүргенін атап өтті. Оның пікірінше, егер Донбасс немесе Қырымға шабуыл жасау туралы бұйрық берсе, Киев мұның Украина үшін зиянын ойламастан бұл бұйрықты орындайды.
"Зеленскийге де, Байденге де қазір әскери саладағы үлкен жетістік қажет. Ал Донбасс бұл үшін таптырмас орын. Қалай болғанда да Украина қарулы күштерінің шабуылы Вашингтонға Ресейді кезекті рет жексұрын етіп көрсетуге және жаңа санкциялар енгізіп, "Солтүстік ағын – 2" жобасына кедергі болуға мүмкіндік береді.
АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин украиналық әріптесі Андрей Таранмен әңгімелесу барысында "ресейлік арандатудың күшейгенін" қатты сынады. Пентагон "ресейлік агрессияға қарсы тұру ісінде" Киев билігіне қол ұшын созуға дайын екенін растады. 2015 жылдан бері Украинаға қорғаныс саласында екі миллиард доллардан астам қаражат бөлгенін еске салған АҚШ қандай жағдай болса да Украинаны жалғыз қалдырмайтынын мәлімдеді.
"АҚШ расында да Ресеймен қақтығыс кезінде Украинаны жалғыз қалдырмайтыны туралы мәлімдеме жасады, - деді Артем Куреев. – Алайда бұл екіұдай мәнді уәде. Украинаға әскерді нығайтуға көмектесіп, әскери техника жөнелтуі мүмкін. Бірақ Донбастағы қақтығыс тағы өршісе, онда ол аймақта америкаық арнайы жасақ, әскери бөлімшелер пайда бола ма екен? Бұл үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласады".
Сарапшы Пентагон мұндайға баратынына сенбейді. Себебі Вашингтон УҚК соңғы жеті жылда қуатты құрылымға айналды деп санайды.
"Дағдарысты өршітті деп тағы да Ресейді кінәлайтыны анық, - дейді ол. - Бұл кезекті санкциялар енгізуге сылтау болады. Бірінші болып оқ атқан Вашингтон ба, Брюссель ме, ол жағын нақтылап жатпайды. Себебі барлығы шешіліп қойған. Мәселе украин әскері діттегеніне қол жеткізе ме және Мәскеудің қарсы әрекеті қандай болатынында болып тұр. Ал Еуропада НАТО әскерінің дайындық деңгейін арттыру Киев үшін белгі болса, Мәскеуге қысым көрсету болмақ".
Қазір Желіде ресейлік әскери техниканың Қырым мен Ростов облысындағы қозғалысы бейнеленген роликтер жиі жарияланып жүр. Бірақ бұл қарулы күштердің күнделікті жұмысы және олардың жоспарлы маневрлеріне тікелей байланысты.
Мысалы, 2 сәуірде Қара теңіз флоты Қырым мен Краснодар өлкесінде орналасқан қарулы күштерді тексере бастады. Тактикалық оқу-жаттығулар аясында Құрлық әскері, авиация және әуе шабуылынан қорғаныс бөлімдерінің кеме топтары шабуыл және қорғаныс бойынша міндеттерін пысықтайды.
Мұндай ауқымды маневрлер әскердің тұрақты түрде орын ауыстыруын қажет ететіні белгілі. Ұялы телефонға түсірілген әскер легі бар видеоны АҚШ пен Украина Ресейдің соғыс белсенділігін арттыруының дәлелі деп атап отыр.
Алайда бұл екеуі өз әрекеттері жайлы тіс жармайды. Мысалы, Еуропадан Украинаға бағытталған әуе көпірінің ашылуы туралы ақпаратқа қатысты бірде-бір пікір жоқ. Әскери-көлік ұшақтары бірнеше күн бойы әскери базадан қандай да бір жүк тасымалдаумен болды.
"НАТО кеңейтілген мүмкіндіктерінің серіктесі" мәртебесін алған мемлекет ретінде бұл оқу-жаттығуға Украина да тартылады. Әскер ғылымдарының докторы Константин Сивковтың айтуынша, Еуропадағы НАТО маневрлері қосымша күш жеткізудің мүмкіндігі болып отыр.
"АҚШ пен НАТО Украинаның оңтүстік-шығысында қарулы қақтығыс ұлғайған жағдайда Ресейге қарсы тұру үшін топ құрып жатыр, - деп санайды ғалым. Олар оқу-жаттығуды сылтау етіп, күшті көбейтіп, Еуропаға АҚШ-тан әскер жеткізіп жатыр. Донбаста қазір 600 мыңға жуық біздің азаматымыз бар. Конституцияға сәйкес біз оларды қорғау керекпіз. Бұл жағдайда текетіреске НАТО арласуы әбден мүмкін".
Жалпы сарапшылар Ресей мен Солтүстікатлантикалық альянс қатысатын Украина үшін соғыстың болуы екіталай деген пікір білдірді. НАТО басшылығындағы азаматтар бұл ойынның ақыры барлығы үшін жаман аяқталатынын түсінеді.