Оның бойы – 1 метр 98 сантиметр. Ол казармадағы төсегіне әрең сыйып, 47-ші өлшемді аяқ киім киеді.
Қорғаныс министрлігінің YouTube арнасындағы әскери тілшісі Дина Мухаринова Қазақстан армиясындағы ең бойшаң сарбаздың әскери қызметі туралы айтты.
"Бастапқыда әрине ерекше назар аудару болды. Бәрі таңырқап, бойымның өлшемін сұрайтын", – деген Әсет арада төрт ай өткен соң әріптестері мен командирлері оның бойының биіктігіне үйреніп қалғанын айтады.
Бүгінде бойшаң жігіт Жамбыл облысындағы тау-қорығы бөлімшесінің артиллериялық батареясында қызмет етеді. Ол қазірдің өзінде әскери ортаға жақсы бейімделген.
Дегенмен, алғашқы кезде лайықты киім мен аяқ киім таңдау қиынға соққан.
"Менің бойым ұзын болғандықтан, аяқ киімнің өлшемі де үлкен. Қазіргі кезде етігім басқалармен қатар тұрғанда, оны бірден табамын. Бір артықшылығы осы", – деп әзілдейді әскери қызметкер.
Әсеттің екі метрлік кереуеті өзінің бойына шақ қана.
"Жатсам, тұп-тура келеді", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: 99 жасында танк жүргізген қария әскерилерді таңғалдырды - видео
Әсет әскерге шақырылғанға дейін жоғары білім алған. Мамандығы – жылу энергетигі.
"Ұлым – спортшы, баскетболшы әрі гитарист", – дейді Әсеттің әкесі. Бір қызығы, оның да бойы ұзын. Ол өзінен асып түскен баласын әркез мақтан тұтады.
"Бойыңның қандай болуы маңызды емес, ең бастысы – отбасымыз бен Отанымызды жақсы көрейік", – дейді ақкөңіл Әсет.
Қазақстандық бойшаң жігіттің әскери борышын қалай өтеп жүргенін видеодан тамашалаңыз.