Дерекқор

"Тірі жетімге айналдық": жазушы Әзілхан Нұршайықов өмірінің ақиқаты мен аңызы

© PhotoҚайта басылып шыққан "Махаббат қызық мол жылдар" кітабы
Қайта басылып шыққан Махаббат қызық мол жылдар кітабы - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.11.2021
Жазылу
Жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі, кейін Мұқыш ауылы деп аталған елді мекенде туған.

"Туған жылым ескіше ит жылы екен. Оны жақындарымның бәрі біледі. Бірақ қай айда, қай жылы туғаным ешкімнің есінде жоқ. Ит жылы жаңаша 1922 жыл. Соғым екі кезде сойылады екен: байлар – ноябрьде, кедейлер декабрьде соятын болса керек. Мұны есейген кезде әкемнен сұрап білдім. Әкем кедей кісі болған. Ендеше мен декабрьде туғанмын. Декабрьдің қай кезі - басы ма, ортасы ма, әлде аяғы ма? Басында да, аяғына да жақын ортасын алайын. Осылай деп есептеп, ес білгеннен кейін 1922 жылы 15 декабрьде тудым деп жазатын болдым", - деген қаламгер естелігінде.

Нұршайықов найман руының бура бұтағынан шыққан.

Әзілхан Нұршайықовтың анасының аты – Мұхтар. Анасы әнші, өлеңші кісі болған. Айтысқа да қатысқан. Арабша хат танып, оқыған кей кітабының оқиғасын әндетіп, жатқа да айтатын. Әзілхан алты-жеті жасқа келгенде анасы ауруға шалдыққан.

"Жұрт "Мұхтар оқу өтіп кеткен, оқудың киесі шалған" деп соқты. Өзіме тете қарындасым Мәлике, бір жасар бауырым Күлзахан үшеуміз тірі жетімге айналдық. Бұрын шешеміз жасап беретін тамақты енді өзіміз істеп ішуге мәжбүр болдық", - деген Нұршайықов естелігінде.

Анасы ауруға шалдыққан соң 1931 жылы әкесі Семейге емдетуге алып барады. Алайда ол жақтан жалғыз оралады. Балаларына анасының әлі ем алуы қажет екенін айтқан. Артынша бір жылдан кейін Нұрайша есімді әйелге үйленген.

Нұршайықовтың айтуынша, араға бірнеше уақыт салған соң анасы да сол ауылға оралған. Тек ол басқа үйде жалғыз өзі тұрған.

Ер жеткен соң Әзілхан Нұршайықов Алматы қаласындағы тау-кен институтында оқыған. Алматыда бір жарым жыл болып, Семейге оралады. Семейдегі қазақ педагогикалық училищесінде, педагогикалық институтында оқыған. Оқуда жүргенінде 1941 жылы желтоқсанның басында 1922 жылы туғандарды әскерге шақыру туралы қағаз келеді.

"Бесінші желтоқсан военкоматтан әскерге шақырған қағаз келді. Кешке дейін ауыл аралап, ағайындармен қоштастық. Әр үйден дәм таттық. Үлкендер баталарын беріп, кішілер тілектестік білдірді", - делінген жазушының естелігінде.

Соғысқа анасы Мұхтар шығарып салған. Ал әкесі Нұршайық ол уақытта майданда болған.

Әзілхан Нұршайықов 1941-1945 жылдары Қызыл әскер қатарында соғысқа қатысты. Өлеңдері мен әңгіме, очерктері майдан кезінде республикалық, облыстық газеттерде басылды.

Әкесі Нұршайық 1943 жылдың күзінде Полтава маңындағы Зубково деген қаланың түбінде неміс-фашист басқыншыларына қарсы Украина жерін жаудан азат етіп жүріп қаза тапты. Соғыста жүргенде қарындасы Мәлике тұрмысқа шыққан.

Соғыстан кейінгі жылдар

Әзілхан Нұршайықов соғыстан кейін оқуын жалғастырып, Қазақ мемлекеттік университетін 1949 жылы бітірді. Оқу кезіндегі жылдар туралы қаламгер "Махаббат, қызық мол жылдар" романында баяндайды.

"1945 жылы он төртінші ноябрі күні әсем астана Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдандым. Тарих-филология факультетінің деканы, батыр тұлғалы, кесек пішінде, жалпақ бетті, қысық көздеу келген орта жас мөлшеріндегі сабырлы кісі документтерімді байыппен қарап шықты да, бұрын пединституттың бірінші курсын бітіргендіктен, бірден екінші курсқа алынатынымды айтты", - деп жазған қаламгер романда.

Әзілхан Нұршайықов 1953-1979 жылдары қазіргі "Ұлан" газетінің бөлім меңгерушісі, қазіргі "Егемен Қазақстан" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болған.

Журналистік қызметпен қатар әдеби жұмыспен айналысты. Жазушының шығармашылық стилі біртіндеп қалыптасып, көзі тірісінде 40-тан астам кітап шығарды. Оның ішінде "Алыстағы ауданда" (1956 жылы), "Тың астығы" (1958 жылы), "Ертіс жағасында" (1959 жылы), "Жомарт өлке" (1960 жылы), "Махаббат жыры"  (1964 жылы), "Махаббат қызық мол жылдар" (1970 жылы), "Ақиқат пен аңыз" (1976 жылы), "Екі естелік" (1985 жылы), "Өмір өрнектері", "Қаламгер және оның достары" (2000 жылы), "Мәңгілік махаббат жыры" (2005 жылы) еңбектері бар.

Әзілхан Нұршайықов соғыс жылдарында "Әскери күнделік" жүргізген. Ол соғысқа барған күнінен елге оралғанша соғыс жайын, сол кезеңде майданға бірге аттанған жолдастарының қазасы туралы жазып отырған.

Соғыстан кейінгі жылдары сол кезеңдегі оқиғаларды хатқа түсірді.

"Совет одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен сонау 1943 жылдан таныспын. Соғыс біткеннен кейін ұзақ жылдар бойына біз бір қалада ғұмыр кешіп келген едік. Соңғы жылдарда мен Қазақ совет экциклопедиясында, ол Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтында – академия шаңырағы астындағы қанаттас екі мекемеде қатар қызмет істедік. Энциклопедиядан мен де Мұхтар Әуезов атындағы институтқа ауыстым. Енді біз бұрынғыдан да жиі жүздесетін болдық. Солай бола тұрса да біз осы күнге дейін сыйлас азамат болғанымызбен, сырлас адамдар емес едік.

Екеуміздің етене сырласып, осы монологтардың тууына менің газетке шыққан естелігім себеп болды. Естелік Мұхтар Әуезовтің 75 жасқа толуына орай "Социалистік Қазақстанның" 1972 жылы 28, 29, 30 қыркүйектегі нөмірлерінде басылған", - деген Әзілхан Нұршайықов естелігінде.

Ал қаламгердің "Ақиқат пен аңыз" романында Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының жарқын бейнесі суреттелген.

"Момышұлы әскерден босап, Алматыға келгенде мен Павлодарда қызметте болатынмын. "Бауыржан отставкаға шығыпты", "Бауыржан пәленшеге былай депті" деген сияқты ұзынқұлақ хабарларды естігеніміз болмаса, көпке дейін онымен жүздесу сәті түспеді. Алайда мен қиын күндерде пір тұтқан адамым болғандықтан жүрегімдегі оған деген сонау солдат кезінің ыстық сезімін суытпай сақтап жүрдім. Оның үстіне Момышұлының "Біздің семья", "Жауынгердің тұлғасы", "Москва үшін шайқас" атты кітаптары бірінің соңынан бірі шығып, менің оған деген сүйіспеншілігімді бұрынғыдан да арттыра түсті. Момышұлын бұрын командир ретінде құрметтесем, енді жазушы ретінде және жақсы көре түстім", - деген жолдар бар еңбекте.

Әрі қарай журналист ретінде Бауыржан Момышұлымен сұхбат құруға хабарласқанын, алғашқы кездесу мен әңгімелесу барысын баяндаған.

Әзілхан Нұршайықов шығармашылықтағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ ордені, ІІ дәрежелі "Отан соғысы" ордені (1944 жылы), "Құрмет белгісі" (1956 жылы), "Халықтар" (1984 жылы), "Парасат" (2005 жылы), "Отан" (2010 жылы) ордендерімен, "Ерен Еңбегі үшін" (1943 жылы) секілді медальдармен марапатталды.

1980 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлық, 1990 жылы Қазақ КСР халық жазушысы атағы берілді.

Әзілхан Нұршайықов пен жары Халима Нұршайықова Жанар, Жаннат есімді екі қыз бен Арнұр, Жаннұр есімді екі ұл өсірді.

Өмірінің соңына дейін Әзілхан Нұршайықов қоғамдық өмірге, шығармашылық кештерге, оқырмандармен кездесуге белсене қатысты. Ол 88 жасында Семейде өткен Азиада алауының эстафетасына қатысып, жолдың бір бөлігін алау ұстап жүгіріп өтті.

Әзілхан Нұршайықов 2011 жылы 12 ақпанда қайтыс болды.

Жаңалықтар
0