НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Токио Олимпиадасында қазақ боксшысы Зәкір Сафиуллин ширек финалдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
63 килограмм салмақ дәрежесінде Сафиуллин аустралиялық Гари Гарсайдпен жұдырықтасты. Бірінші раундта қазақ боксшысы басым түсті. Ал екінші раундта қарсыласы таразы басын теңестіріп алды. Үшінші раундта төрешілер аустралиялық боксшыға жоғары ұпай берді. Қорытынды есеп – 2:3. Осылайша Зәкір Сафиуллин жартылай финалға шыға алмады.
Айта кетейік, кеше Қамшыбек Қоңқабаев (91 килограмнан жоғары) ресейлік боксшыны жеңіп, жартылай финалға өткен болатын. Бүгін Сәкен Бибосынов (52 килограмм) та жартылай финалға шықты.