НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Қазақстан құрамасының Токио Олимпиадасына киіп баратын формасы таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Спортшылардың киімін қазақстандық және шетелдік мамандар дайындаған. Дизайнері - Салтанат Баймұхамедова. Ал испандық Joma компаниясы форманы жасап шығарды.
Отандық спортшылар форманың дизайны, матаның сапасы мен тігін бұйымдарын өздері таңдады. Ол үшін қаңтар айынан бастап сауалнамалар, презентациялар мен кездесулер ұйымдастырылды. 35 спортшыдан тұратын арнайы комиссия форманы таңдап отырды.
"Спортшылар үшін, ең алдымен, сапа мен жайлылық маңызды. Өйткені бұл біздің жаттығу және жұмыс апталарына арналған киіміміз. Бәрінен бұрын оның денеге шақ, жинақы болуы маңызды. Көп уақыт жолда өткізетін болғандықтан, тез кірленбейтін, мыжылмайтын киім үлгісі керек болды. Себебі сапалы матадан тігілген киімдер киюге және еркін қозғалуға ыңғайлы. Біз барлық тілегіміздің орындалғанына өте қуаныштымыз", - дейді Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин.
Олимпиадалық киім кэжуал стилінде шығарылды. Ал маталарды таңдағанда Жапонияның климаттық ерекшелігі ескерілді.
Олимпиаданың киімдері ауаны жақсы өткізеді, ылғалды сіңіреді, тез кебеді және аллергия тудырмайды. Көйлек формасының негізгі түстері көк, көгілдір және ақ түсті. Бұл палитра Next Look халықаралық зерттеу компаниясының ұсынысы бойынша таңдалған.
Айта кетейік, спортшылар Токиоға 16 шілдеде ұшады. Олимпиада алдында ұлттық құрама Олимпиада базаларында екі апталық карантинде болады.