Қоғам

Байқамай қалған: елді дүрліктірген видеоны тәрбиешінің өзі жіберген болып шықты

© Photo : JeevanДевочка закрыла лицо руками
Девочка закрыла лицо руками - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.12.2021
Жазылу
Балаларды аялы алақанымен емес, тоқпақпен тәрбиелегісі келген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды
НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде түсірілген видео қоғамда резонанс тудырды. Оқиғаның мән-жайын балалардың ата-аналары айтып берді.
Тәрбиеші балаларды оқтаумен ұрып қоймай, бүлдіршіндердің шашынан жұлып, басынан тоқпақтаған, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Ата-аналар бұған дейін балаларының денесінен түрлі дене жарақатын байқаған. Тәрбиеші олардың құлап қалғанын айтып ақталыпты.
"Ойнап жүріп құлап қалған шығар дейді. Ал видеода бәрі көрініп тұр. Менің қызымның шашын жұлған. Өлтіремін деп қорқытады екен, "шпилька" секілді ұзын құралы бар", - дейді Аруна Серікова.
Даудың басы осы видеодан басталды. Ата-аналар отырған чатқа тәрбиеші байқамай бейнежазбаны салып жіберген.
"Тәрбиеші балаға "идиот" деп айтып жатқанын видеодан көрдік. Бәрі содан басталған. Содан кейін ата-аналардың бірі баламның ауызы уылды, аузына тұз тыққан деп жазды. Баланы қылқындырып, аузына тұз салғанына дейін камерадан көрініп тұр", - дейді тағы бір ата-ана.
Ал Гүлхан Оспанова жазда немересінің саны көгеріп қалғанын көріпті.
"Әже ешкімге айтпайсыз ба, Ләззәт апай мені шымшып алды деді. Сандары, иықтары көгеріп келеді. Оқтаумен ұрады деп айтты. Бала өтірік айта береді деп немеремді өтірікші қылды", - деп ашуланды ол.
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде қазір 95 бала тәрбиеленіп жатыр. Нысан осыдан 2 жыл бұрын ашылған көрінеді. Балабақша меңгерушісі болған жағдайға өзінің де таң қалғанын айтады.
"Екінші санаттағы педагог. Екі жыл жұмыс істеді. Ешқандай ата-анадан шағым түскен емес, бұл бірінші рет тіркеліп тұрған жағдай. Шұғыл түрде шара қолданып, бұл кісіні Еңбек кодексінің 52-бабы бойынша жұмыстан босатып отырмыз", - деп түсіндірді балабақша меңгерушісі Анар Нұрсұлтанова.
Балаларды аялы алақанымен емес, тоқпақпен тәрбиелегісі келген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалған.
"Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-тармағы бойынша бұл азамат тергеуге алынды. Қазіргі таңда ол полицияда түсінік беріп жатыр. Тергеу барысында қандай бұлтартпау шарасы қолданылатынын сот шешеді", - дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Тәрбиешінің кінәсі дәлелденсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ата-аналар бұл балабақшадан баламызды шығарып аламыз дейді. Қалалық білім басқармасы мен прокуратураға да шағым түсірмек.
Оқи отырыңыз: Полиция Алматыда балабақшада түсірілген видеоға қатысты түсініктеме берді 
Жаңалықтар
0