НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Ақын Арон Атабек коронавирустан қайтыс болды, деп хабарлады Алматы қоғамдық денсаулық басқармасы.
Ведомствоның мәліметінше, Атабекке қазан айының басында "Аса ауыр дәрежедегі коронавирус инфекциясы" диагнозы қойылған. Алайда ол ауруханаға жатудан бас тартқан.
"Жекеменшік емдеу мекемесінде жатты. Сонымен қатар №17 қалалық емхананың мобильді бригадасының медициналық көмегінен бас тартқаны туралы құжат бар", - делінген хабарламада.
Қазан айының ортасында Атабек Медициналық көмек орталығына түсіп, жасалған ем-домға қарамастан, 20 қазанда комаға түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды.
Соңғы күндері қосалқы аурулары асқынып, жағдайы қатты нашарлаған. 24 қарашада биоэлектрлік белсенділіктің жоғалуына байланысты жүрек қызметі тоқтаған.
Атабек 15 жыл отырған колониядан биыл 1 қазанда босатылды. Қазан айында БАҚ Арон Атабектің ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.
Арон Атабек – ақын, публицист, саяси және қоғам қайраткері.
Арон Атабек түрмеде не үшін отырды
Арон Атабек тіркелмеген "Алаш" партиясының төрағасы (1990) болды, "Алаш", "Хақ" газеттерін шығарды.
Оған 2006 жылы Алматының "Шаңырақ" шағын ауданында адамды кепілге алды, полиция қызметкерін өлтірді және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыптар тағылған. Атабек кінәсін мойындамады. Алматы қалалық сотының 2008 жылғы 5 қазандағы үкімімен ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды – жазаны өтеу мерзімі 2006 жылдың 17 шілдесінен бастап есептелді. Ол жазасын 2024 жылдың 16 шілдесіне дейін өтеуі керек еді.
2021 жылдың қазан айында медициналық комиссия оның айықпас дертке шалдыққанын анықтаған, бұл оны түрмеден босатуға негіз болды.
Оқи отырыңыз: Түрмеден босаған Арон Атабектің отбасы үндеу жариялады
Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігі жазаның неғұрлым жеңіл түрі – пробациялық бақылау орната отырып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеумен ауыстырылды.
2014 жылдың сәуір айынан бастап Арон Атабек Павлодардағы тергеу изоляторында отырды.