НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтанда жалдамалы пәтерге қызбен кездесуге барған жас жігітті белгісіз біреулер соққыға жығып, тонап кеткен. Күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды елорданың полиция департаменті.
Полицияға 24 жастағы қала тұрғыны шағымданды. Айтуынша, ол көшеде екі қызбен танысып, бір-бірінің телефон нөмірін алған. Екі күннен соң әлгі қыздардың бірі оған WhatsApp-тан жазып, таныстықты жалдамалы пәтерде жалғастыруды ұсынады. Жігіт келіседі, бір тәулікке пәтер жалдайды. Сөйтіп қызды кездесуге шақырады. Ол өзімен бірге құрбысын ертіп әкеледі. Ішімдік ішкеннен кейін, қыз бен жігіт жатын бөлмесіне кетеді.
Арада 30 минут өткен соң бөлмеге белгісіз екі ер адам кіріп келіп, жәбірленушіні кезекпен ұрып, ақша талап еткен. Соққыға жыққан соң, iPhone 12 телефоны мен Аpple маркалы смарт-сағатын тартып алған. Жәбірленушіге келтірілген шығын 650 мың теңгені құрады.
Жедел іздестіру шаралары кезінде полиция 18 бен 19 жастағы екі жігітті және екі қызды ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, қыз-жігіттер оңай жолмен ақша табу үшін қылмысты алдын ала жоспарлаған. Күдіктілер кінәсін мойындады, смарт-сағат тәркіленді, ал ұялы телефонды олар сатып үлгерген.
Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.