НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан – Sputnik. Желіде коронавирусқа қарсы вакцина туралы тағы да жалған ақпарат тарап жатыр.
Қазақстандықтар мессенджерде "денсаулық сақтау министрлігінде ешкім коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған" деген ақпарат таратуда. Автор бұл жайлы ведомствода жұмыс істейтін досынан естігенін айтады. Сондай-ақ, досы өзі де, әріптестері де вакциналардың зиянды әрі қауіпті екенін жақсы білетінін мәлімдеген.
Алайда мұның бәрі – жалған, деп хабарлайды Stopfake.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ведомствоның орталық аппаратында 205 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 21 адамда медициналық қарсы көрсетілімдер бар, олардың қатарына коронавируспен үш ай бұрын ауырғандар да кіреді.
"Ал вакциналауға жататын 184 адамның 178-і екі компонентті салғызды, ал 6 адам бірінші компонент алды. Қызметкерлердің 100 пайызы дерлік вакциналанды", – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Басылым желідегі ақпараттың Қазақстанға еш қатысы жоқ екенін атап өтті.