Қоғам

100-ге келген соғыс ардагері Тоқаевқа хат жазды

CC0 / Catkin / хат
хат - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.09.2021
Жазылу
Ардагердің айтуынша, ол туралы БАҚ "Ғасыр жасаған панфиловшы" деп жарыса жариялады

НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. Жақында 100 жылдық мерейтойын атап өткен Қайырлы Жоңқабаев соғыс ардагерлеріне көрсетілген құрмет үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдап, алғыс білдірді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-тегі парақшасында жазды. 

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Жоңқабаев Қайырлы Уатайұлы – Ұлы Отан соғысының ардагерімін. Сізге екінші рет хат жолдап отырмын. Алдыңғы хатыма өзіңізден жауап алып, риза болдым. Мен жақында 100 жасқа келіп, ғасыр тойыма жеттім. Менің Сізге деген алғысым шексіз. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Сіздің менің ғасыр тойыма арнап жолдаған құттықтауыңызды жеткізді, сән-салтанатпен табыс етті. Одан соң Алматыда тұрып жатқан үйімнің ауласына Ұлттық ұлан сарбаздары құттықтап келіп, әскери оркестр ойнап, ерекше ілтипат, құрмет көрсетті. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан сый-сияпат берді", - деп жазды ол.

Ардагердің айтуынша, мұндай құрметтен кейін ол туралы БАҚ "Ғасыр жасаған панфиловшы" деп жарыса жариялады.

"Маған көрсеткен осындай құрметтеріңізге қарт майдангердің атынан үлкен алғысымды білдіріп, ақ батамды беремін. Осылай, Жеңіс сарбаздарына көрсетіп жатқан құрметіңіз, соғыстан қайтпаған, майдан даласында және кейін қаза болған боздақтардың рухына тағзым ету деп түсінемін. Олардың аруақтары разы болғай! Еліміз үшін атқарып жатқан оң істеріңіз табысты болсын. Сіз басқарып отырған Қазақ елі гүлдене берсін!", - деп жазылған соғыс ардагерінің хатында.

Бұған дейін Панфиловшылар дивизиясының соңғы ардагері ғасырлық мерейтойын атап өткені туралы жазған болатынбыз.

Ғасырлық мерейтойын тойлап жатқан ардагер Мәскеу үшін болған күресті де еске алды. 

"Соғыстың қиындығы сен өлтірмесең сені өлтіреді. Сондықтан жаумен бетпе-бет келгенде барлық тәсілді қолданы отырып, тек жеңуді ойлайсың. 200-300 метр қашықтықта болғанда жау оғын саған қарсы боратады. Сен де аянып қалмауың керек. Сол кезде қай жақтың жеңетіні белгілі болады. Біз Мәскеу үшін күресте қарашаның соңы мен желтоқсанға дейін жауды Балтық майданыда 150 шақырымдай аралықта қудық", - деп еске алды ардагер.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0