Өңірлер

"Дөрекілікті мойындаймын": Даниал Ахметов ардагерді құттықтауға қатысты пікір білдірді

© Photo : Free-PhotosРуки пожилой женщины, архивное фото
Руки пожилой женщины, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2021
Жазылу
Кейуананың немересі әкімнің қашан келетінін нақтылау үшін ардагерлер кеңесіне хабарласқанда, жаға ұстарлық жауап естіген

НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің жүз жастағы тыл ардагерін құттықтауына қатысты дау шықты. Сөйтіп, өңір басшысының өзі бұл мәселеге қатысты пікір білдіруіне тура келді.

Жеңіс күніне орай бір күн бұрын қарияның немересіне адрагерлер кеңесінен хабарласып, әжесі Хауа Бұланбаеваны облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы барып құттықтайтынын айтқан. Ол бұл туралы әлеуметтік желіде жазба қалдырған. Алайда артынша бұл жоспар күрт өзгерген. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Усть-Каменогорск 🖤 (@oskemen_press)

Немересі Манаптың айтуынша, әжей Кеңгірбай бидің ұрпағы болғандықтан, түрлі баталарын еске түсіріп, жол қарап шенеуніктерді күткен. Содан кейін олардың нақты қашан келетінін білу үшін ардагерлер кеңесіне хабарласқанда, жаға ұстарлық жауап естіген.

"Мен "ол кісі темекі шегетіндіктен және өте кәрі болғандықтан тізімнен алып тастадық" деген жауапты естіп, есеңгіреп қалдым. Енді шенеуніктердің келмейтінін әжеме қалай айтарымды білмеймін", – деп жазды желіде кейуананың немересі Манап.

Жазба астына пікір қалдырған өңір тұрғындары бұл жағдайға қатысты кейістік танытып, осы мәселеге облыс басшысы араласуы үшін оны жаппай тегтей бастаған. Кейбір желі қолданушылары әкім келмейтін болса, өздері жиналып құттықтауға дайын екенін де жеткізген.

"Үлкен сынақты бастан кешіп, жүз жасқа келген қазыналы қария... Бұл кісіні құттықтап қана қоймай, алдында бас июге тиіспіз. Арамызда ардагерлер сиреп барады... Сөзім жоқ", – деп жазды өңір тұрғынының бірі.

Желідегі жазбаға өңір басшысы назар аударды

Желідегі мұндай жазбаға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов те назар аударды.

"Өкінішке қарай, облыстағы ардагерлер кеңесінің тарапынан дөрекілік болғанын мойындаймын. 7 мамырда міндетті түрде жерлесіміз, тыл еңбеккері Хауа Бұланбеваны Жеңіс күнімен құттықтауға барамын. Мен қарияның немересі Манаппен сөйлестім. Кездесудің мән-жайын талқыладық", – деді ол.

Айта кетейік, ардагерлерді құттықтау алдында облыс әкімі ПТР-тест тапсыруы керек. Себебі пандемия басталған шақтан бері егде жастағы адамдар вирус жұқтыру қаупі жоғары топқа жатқызылған. Өңір басшысы қариялардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге жол берілмейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, облыс әкімі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері назардан тыс қалып жатпағанын еске салды.

"Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің жеңіске жетуде қосқан үлесі зор. Жыл сайын 9 мамыр қарсаңында мен облыстағы ардагерлерді ерекше ықыласпен құттықтаймын. Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермес үшін ардагерлер кеңесінің жұмысына тиісті түзетулер енгізілетін болады", – деді Даниал Ахметов.

Оқи отырыңыз: Даниал Ахметов шкафтың есігін ашып жатқан кезде күтпеген жағдай болды – видео

Жергілікті БАҚ мәліметі бойынша, 100 жастағы Хауа Бұланбаева өмір бойы мектепте еңбек еткен. Ол – білім саласына еңбегі сіңген педагог.

1930 жылдары әкесінен айырылған ол Ұлы Отан соғысы кезінде бірнеше жұмыста тынбай еңбектенген.

Жаңалықтар
0