НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбе облысының тұрғыны азаматтық істер жөніндегі сот алқасына арыз түсіріп, өз анасын үйден шығарып жіберуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сотқа арыз жазған келіншек анасының ылғи жанжал шығаратынын, жұртпен араласпайтынын айтты. Онымен қоймай, полиция шақырады.
"Ал оның пәтерде тұруы маған, жұбайыма және балама қауіп төндіреді", - дейді әйел.
Пәтердің иесі әйелдің әкесі болған. Ол кезінде үйді кәмелеттік жасқа толмаған қызына сыйға тартқан екен. Анасы қарсылық білдірмеген. Өзі де пәтерде заңды түрде тұрып жатыр. Себебі жекешелендіру кезінде пәтер иесімен заңды некеде болған. Ал сотқа жүгінген келіншек анасымен қарым-қатынасы бұзылғанын, сондай-ақ үйге меншік құқығы өзіне ғана тіркелгенін алға тартып, қарт кісіні пәтерден шығарып жіберуді сұрады.
Сотта арыз берушінің анасы да өз уәжін айтты. Ол бәріне күйеу баласы кінәлі деп санайды. Араққа құмар ер адам келіншегі мен енесін соққыға жығады. Қария оны елден шығарып жібермеу үшін кешірдім дейді. Бірақ қызы 30 жылдан астам осы үйде тұрып жатқан анасын үйден шығарып жіберуге шешім қабылдаған.
"Ұсынылған дәлелдемелерді қорытындылай келе, сот алқасы талап қоюшы меншік иесінің құқығын теріс пайдаланды деген қорытындыға келді. Өйткені жауапкер пәтерге заңды түрде орналастырылды. Оған қоса ол қызы бала болған кезде пәтерді беруге және сыйға тартуға келіскен. Одан басқа мүлкі жоқ, психиатриялық және наркологиялық диспансерлік есепте тұрмайды", - делінген сот үкімінде.
Осылайша, Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Хромтау аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Оған сәйкес, талап қоюшы туған анасын үйден шығарып жіберуге құқығы жоқ.