АЛМАТЫ, 25 тамыз – Sputnik. Желіде Алматы қаласы Алатау ауданының әкімдігіне кірген "Хабар 24" арнасының тілшісін күзетшінің далаға көтеріп алып шыққаны жайлы видео тарады.
Артынша әкімдік оператормен бірге ғимаратқа Ashyq қосымшасындағы өз мәртебесін сканерлемей, турникеттің астымен өткен тілшінің әрекеті түсірілген видеоны жариялады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков оқиғаға байланысты пікір білдірді. Айтуынша, әкімдік ғимаратына тілшінің келетіні туралы алдын ала хабарланбаған. Ал әкім ол уақытта ауданды аралап жүрген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Алатау ауданында "Шетсіз қала" жобасы бойынша қыруар шаруа атқарылып жатыр. Солардың бәрін аралап, өзіміз барып көреміз. Кеше ықшам аудандарды аралап, жобаларды тексеру жұмыстарын жүргіздік. Мен аудан әкімдігі ғимаратында болған жоқпын. "Хабар" телеарнасының тілшісі келіп, ғимаратқа турникеттің астынан өтіпті. Күзет қызметкерлері Ashyq қосымшасын қолдануды талап еткен, тілші өтпеген. Алайда қызметкердің іс-әрекетін ақтамаймыз", - деді Алатау ауданының әкімі.
Осы жағдайға байланысты аудан әкімдігінде тиісті комиссия құрылды. Комиссияны аудан әкімінің орынбасары Бектас Сәбитов басқарады.
"Толық іс-шара өткеннен кейін қандай шара қолданылғаны хабарланады. Күзет қызметкері ғана емес, мұндай бұйрық берген, осыған жауапты мемлекеттік қызметшілер де жауап береді. Қазақстандағы жалпы ереже бойынша Ashyq қосымшасы жұмыс істеп тұр, Алатау ауданының ғимараты да сол қосымша арқылы жұмыс істейді. Бұл – бәріне ортақ ереже", - деді аудан әкімі Азамат Қалдыбеков.
Ол сондай-ақ Алатау ауданының әкімдігі тұрғындар мен БАҚ өкілдеріне әрдайым ашық екенін жеткізді.
"2021 жылы БАҚ өкілдерімен екі брифинг өткіздік. Барлық сұраққа толық жауап бердік. Брифинг 3 және 6 айдың қорытындысы бойынша өтті. Аптасына екі рет жеке қабылдау өткіземін. Орынбасарларым аптасына бір рет тұрғындарды қабылдайды. (...) Тек Ashyq қосымшасы секілді ережелер бар. Сол ережені барлығымыз сақтауымыз керек", - дейді ол.
"Менің ақпаратым бойынша, журналист әкімдік ғимаратына кеше келген, екі күн бойы жүрген жоқ. Ауданды аралау жұмыстарымен жүргендіктен, бұл туралы білген жоқпын. Тілшінің ғимаратқа келгенін білген жоқпын. Өйткені біздің күнделікті жұмысымыз бар. Тілшінің орынбасарларыммен сөйлескені жайында да ақпарат жоқ. "Хабар" телеарнасының тілшісі келеді деген ақпарат болмады, ал келгені туралы кешкі 8-де білдім", - деді ол.
Ал тілшіні көтеріп сыртқа шығарған күзетші істің мән-жайы анықталғанша қызметінен шеттетілді.
Айта кетері, бұл жағдайға қатысты ақпарат және қоғамдық даму министрі де пікір білдірді.
"Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуге тиіс", - деп жазды Балаева.