НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Алматыдағы үш медициналық мекеменің қызметкері жалған ПТР анықтамасы мен вакцина паспортын жасағаны анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық криминалдық полиция басқармасының мәліметі бойынша "Достар Мед" және "Сұңқар" медициналық орталықтарының қызметкерлері жалған құжаттар жасағаны үшін ұсталды.
Оқи отырыңыз: "Қоғамға өте қауіпті": Тоқаев вакцина паспортын сататындарды қатаң жазалауға шақырды
Сондай-ақ №4 емхананың медициналық қызметкерлері вакцина паспортын сатқаны және вакциналарды заңсыз жойғаны анықталды.
Бірінші жағдайда, клиникадағы зертхана қызметкері орталықтың екі мейірбикесінің көмегімен ақшалай сыйақы үшін коронавирустың теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасын сынамасыз жасаған.
"Сұңқар" медициналық орталығының бұрын алаяқтық үшін жауапқа тартылған дәрігер қызметкері ұсталды.
"Тінту кезінде ПТР тестілерінің нәтижелері, сондай-ақ ақша қаражаты тәркіленді. Сонымен қатар №4 қалалық емхананың аға мейірбикесі ұсталды. Ол 15 мың теңге көлеміндегі сыйақы үшін вакцина туралы белгілеу журналына жалған тіркеумен айналысқанын мойындады", - делінген хабарламада.
Бұл фактілер қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу жалғасуда.
Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалған вакцина паспортын жасауды қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп деп атаған болатын.
"Бұқаралық ақпарат құралдарында екпеге қатысты жалған құжаттар жасалғаны туралы деректер шығып жатыр. Бұл қоғам үшін өте қауіпті жағдай. Өйткені халық көп жиналатын жерлерде дерт жұқтырған адам да жүруі мүмкін. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселеге баса назар аударуға тиіс", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.