АЛМАТЫ, 22 маусым – Sputnik. Жаңа телефон сатып алған кезде ең маңызды критерий – оның бағасы. Өзіңе ұнаған телефонды қалай арзанға сатып алуға болатынын Sputnik радиосына берген сұхбатында Mobile Research Group-тың сарапшысы Эльдар Муртазин айтып берді.
Сарапшының айтуынша, артық ақша жұмсамаудың ең оңай жолы – тиімді бағаны табу. Ол үшін бір типті дүкендердегі бағаларды салыстыру қажет. Сол арқылы дүкендегі телефон бағасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін аңғаруға болады.
"Құжаты бар тауар мен сөреге заңсыз қойылған техника арасындағы баға айырмашылығынан бөлек әртүрлі жеңілдіктер кезінде арзан бағаны табуға болады. Мысалы әртүрлі компания өткізетін жеңілдіктер кезінде 50 мың рубль тұратын заттан 5-7 мың рубльді үнемдеуге болады", - деді Эльдар Муртазин.
Оның сөзінше, trade-in жүйесінің арқасында сатып алу құнын төмендетуге болады. Мұндай жағдайда сіз өз құрылғыңызды өткізесіз, сол үшін сізге қандай да бір көлемде ақша төлейді.
"Trade-in – смартфонды жарнама сайтында сатқаннан тиімді жүйе. Егер сіз өндірушілер үшін маңызды модельдің бірін таңдасаңыз, сізге trade-in арқылы қосымша жеңілдік беріледі. Яғни ескі құрылғыны өз бағасынан қымбатқа сатып алады. Флагманды (өндірушінің басқа модельді құрылғысынан функционалдығы арқылы ерекшеленетін смартфон) сатып алғанда 10-15 мың қосымша жеңілдік береді", - деді Эльдар Муртазин.
Оқи отырыңыз: Телефондағы қандай хабарламаларды жойып отыру керек
Ол сондай-ақ жыл сайын жаңарып отыратын құрылғыларды өзгерту мүмкіндігі бар екенін айтты. Ол үшін құрылғыны қолхат арқылы алу керек. Бұл арқылы құрылғыны қолданып, бір жылдан кейін оның үстіне аздаған ақша қосып, ауыстырып алу мүмкіндігі бар, деп түсіндірді сарапшы.
"Бұл қымбат смартфон, флагмандарды алып, оның толық құнын төлемей, бірақ соңғы модельді құрылғыны пайдаланғысы келетіндер үшін тиімді. Яғни, бір жылда құрылғының 50% құнын төлейсіз, содан кейін гаджетті өткізіп, жаңа модельді телефон аласыз. Демек сіздің қолыңызда ең соңғы смартфон болады", - деді Эльдар Муртазин.
Сондай-ақ смартфонды 0%-пен бөліп төлеуге алуға болады. Сол арқылы артық төлемсіз, кезең сайын белгілі бір соманы төлеп отырасыз. Оның құнын бір-екі жылда төлеп тастайсыз, деп түйіндеді сарапшы.