Қоғам

Алматы "сары" аймаққа өтті: Бекшин науқастар санының азаюына не әсер еткенін айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинАлматы қаласы
Алматы қаласы - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.06.2021
Жазылу
Бекшиннің айтуынша, коронавирус инфекциясы табылған 551 тұрғын кәсіпкерлік нысанға кірмек болғаны Ashyq қосымшасы арқылы анықталған

АЛМАТЫ, 7 маусым – Sputnik. Алматы бірінші маусымнан бастап коронавирустың таралуы бойынша "сары" аймаққа өтті. Алайда эпидемиологиялық жағдай тұрақталған жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бекшиннің айтуынша, қаладағы науқастар санының азаюына бірнеше фактор әсер еткен.

"Аурушаңдықтың төмендеу себебі – жаппай вакциналау. Қала бойынша 316 мыңнан астам тұрғын екпе алды. Бұл қала халқының жалпы санының 16%-ін құрайды, тағы 5% – ауырып шыққандар. Қалада ұжымдық иммунитет 21%-ке қалыптасты", – деді ол.

Бас санитар дәрігер одан кейінгі негізгі себеп ретінде қалада жүргізілген шектеу шараларын атады.

"Қоғамдық тамақтану орындары, сауда орындары, мектеп пен балабақшаларға шектеу шаралары қабылданды. Үшіншіден, белсенді түрде инфекция ошақтарына дезинфекция жүргізілді. Балалар алаңы мен үйлердің кіреберісі аптасына үш реттен залалсыздандырылды ", – деді Жандарбек Бекшин.

Айтуынша, Ashyq қосымшасы да нәтиже беріп жатыр. Осы қосымша арқылы коронавирус инфекциясы табылған 551 тұрғын кәсіпкерлік нысан ішіне кіре алмаған. Сондай-ақ 131 адамда "сары" мәртебесі болғаны қосымша арқылы анықталды.

Оқи отырыңыз: Ashyq қосымшасында тағы да ақау шықты

Айта кетейік, қазір Алматыда 1 700-ге жуық нысан Ashyq қосымшасы арқылы жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері қаладағы шектеу шаралары туралы жаңа қаулыға қол қойды. Жаңа қаулы сегізінші маусымнан бастап күшіне енеді.

Жаңалықтар
0