Қоғам

Қазандағы трагедия: қазақстандық оқушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі

© Sputnik / Кирилл Брага / Медиабанкке өтуСынып, архивтегі сурет
Сынып, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Жазылу
Білім беру ұйымдарының өкілдері мектеп күзетшілеріне қару ұстауға рұқсат беруге қарсы, себебі қаруды көрген баланың ойы бұзылуы мүмкін деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Татарстан. 11 мамырдың таңы. Алаңсыз сабақ оқып отырған оқушылар тарс еткен дауыстан селк ете түсті. Қару асынған жігіт өзі бітірген мектепке келіп, оқ жаудырған...

Көрші елдегі қанды қырғын әркімге әртүрлі ой салды, ата-аналардың уайымын арттырды. Қазақстан билігі де "біздегі білім беру ұйымдары қаншалықты қауіпсіз" деген сұрақ төңірегінде ойлана бастады. Sputnik Қазақстан тілшісі мектеп директорлары мен мұғалімдерімен әңгімелесіп, балаларды күтпеген қауіптен қалай қорғауға болатынын сұрады.

Мектепке кім келгенін білу – өте маңызды

Қазан қаласында болған трагедия күні Нұр-Сұлтандағы жекеменшік Astana Garden School де шұғыл эвакуацияланды. Мектептің электронды поштасына бәзбіреу іште бомба бар деп жалған хабарлама жолдаған.

"Дәл сол күні біздің мектепте жарылғыш бар деген хабарлама түсті. Бір-екі минут ішінде оқушылар мен персоналды сыртқа шығардық. Полицияға хабар бердік. Арнайы қызметтер келіп, ғимараттың іші-сыртын тексеріп шықты. Абырой болғанда, ештеңе табылған жоқ", - дейді Astana Garden School директоры Тимур Боскин.

Айтуынша, мектеп әкімшілігі эвакуация жоспарын үнемі жақсыртып отырады. Мәселен, осы жолы оқушылар далада күн жылы болғандықтан, сыртқа эвакуацияланды. Ал ТЖ дабылы қыста іске қосылғанда, балалар тоңып қалуы мүмкін. Сол себепті Astana Garden School жақын маңдағы ғимараттармен меморандум бекітіп жатыр. Қақаған қыста төтенше жағдай орын ала қалса, оқушылар мен мұғалімдер уақытша сол ғимараттарды паналайды.

Қазандағы оқиғадан кейін мектеп басшылығы талдау жүргізіп, күзет агенттіктерімен, өрт қауіпсіздігі өкілдерімен кездескен. Балалардың қауіпсіздігін күшейту жұмыстары пысықталған.

"Мектеп аумағы аптасына жеті күн тәулік бойы күзетіледі. Мамандандырылған күзет агенттігімен келісімшарт бекітілген. Бұған қоса ғимараттың бүкіл периметрі бойынша, сыртында және ішінде, бүкіл қабатта  бейнебақылау камералары орнатылған. Кіреберісте турникеттер тұр. Мұғалімдер мен оқушылар карта арқылы кіріп-шығады. Яғни бөгде адамдар, соның ішінде ата-аналар мектепке кіре алмайды. Пандемияға байланысты кіріп-шығу талаптары одан әрі күшейтілді. Егер бөтен адам мектеп әкімшілігімен кездескісі келсе, алдын ала хабарласып жазылуға тиіс. Оны өзі кездесетін адам есік алдында қарсы алып, кейін шығарып салады. Күзетші әр келушінің жеке куәлігін тіркеп, оған бейдж береді", - деп түсіндірді Боскин.  

Тағы оқыңыз: Аймағамбетов Қазандағы қанды оқиғадан кейін басшыларға шұғыл тапсырма берді

Мектепте күзет дабылы іске қосылған, әр қабатта эвакуация жоспары ілініп тұр. Бұған қоса білім ошағында автономды қақпа орнату жоспарланып отыр.

"Біз қазірдің өзінде мектеп аумағына бөтен автокөліктердің кіруіне тыйым салдық. Есіктерге домофон орнатып жатырмыз, енді бірнеше пост болады. Яғни бірдеңе бола қалса, құқыққорғау органдарына хабар беру үшін уақытымыз көбейеді. Мектепте кіріп-шығатын негізгі есіктен бөлек, апатты есіктер, тамақ жеткізушілерге арналған, яғни бірнеше кіретін жер бар. Біз оларды да картамен жабдықтауды жоспарлап отырмыз", - деді директор.

Сонымен қатар, келешекте Face ID жүйесі де енгізілмек. Ол, тіпті бетперде киген адамды бірден таниды. Бұған қоса, онда дене қызуын автоматты түрде өлшейтін функция бар. COVID-19 індеті кезінде бұл өте өзекті, деп санайды Боскин.

"Дабыл сигналы іске қосылғанда, ең бастысы – мектепте кім барын білу. Сондықтан бүгін мектепке кім келгенін білу өте маңызды. Сынып жетекшісі күнде таңертең оқушыларын түгендеп, кім келіп-келмегенін нақты білуге тиіс. Бұл эвакуация кезінде бәрі құтқарылды ма, жоқ па, соны білу үшін қажет", - деді ол.

Сондай-ақ, директордың пікірінше, әр оқытушы баланың қатыгездікке бейімділігін анықтай алуы керек. Мектеп ұстаздарын осыған оқытқан жөн. Бұл жерде психологтардың белсенділігі аса маңызды.

Күзетшілер – тұрақсыз

Елордадағы Міржақып Дулатов атындағы №68 мектеп-гимназияның директоры Күнімбала Баяхметованың айтуынша, мектепке күзетші тұрақтамайды. Осыған байланысты күзет мекемелерімен келіспеушіліктер жиы болып тұрады дейді.

"Мектебімізді арнайы күзет ұйымдарынан келетін күзетшілер бақылайды. Бір байқағаным: ол жерде көбіне зейнетке шыққан, жұмыссыз әйелдер. Бірақ мен әскери орындарда, ішкі істер органдарында қызмет еткен ер адамдарды жіберуін талап етіп отырамын. Өйткені олар адамның жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін әбден зерттеген, күмәнді кісілер олардың көзіне бірден түседі. Өкінішке қарай, күзетте адамдар тұрақсыздау, жиі ауысады. Осыдан кейін күзет мекемелерімен келіспеушіліктер жиі болып тұрады", - деп қапаланды ол.

Қаладағы барлық білім ошағы сияқты №68 мектеп-гимназия да бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Қазір мектепте 94 камера орнатылған екен. Бірақ қажеттілік әлі де бар.

Бұған қоса кіреберісте вахта қызметкері тұрады. Кірген-шыққан адамды, негізінен, осы кісі бақылайды. Одан кейін мектеп директорының бекітуімен белгіленген кезекші мұғалімдер де болады.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп әкімшілігі күзге дейін турникеттер орнатпақ.

"Негізінен, қала көлемінде барлық мектепте турникет бар. Біздің мектепте турникет биылға жоспарланды. Бұрын мектепке турникет берілмеген. Бөтен біреулердің ғимаратқа кіруін шектейтін жабдықтарды жан басына қаржыландыру есебінен қоюды көздеп отырмыз. Жоспарды күзге дейін аяқтаймыз деген ойдамын", - деді Баяхметова.

Тәрбие жағы ақсап тұр

Атырау облысы Индер ауданы Боран Нысанбаев атындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Ақмарал Ғабдулина Қазандағы трагедия біздің елде қайталанбас үшін бала тәрбиесіне аса көңіл бөлу қажет деп санайды.

"Өкінішке қарай, бізде тәрбие жағы ақсап тұр. Жалпы, тәрбие отбасыдан басталады ғой. Ал қазір ақпараттың толассыз ағынында ата-ана өз баласын қадағалай алмай жатады. Тіпті уақыты да жоқ. Өз басым тәрбие мәселесіне өзгерістер енгізу қажет деп ойлаймын. Ата-аналардың жауапкершілігін күшейту қажет. Қай жерден ақсап жатырмыз, сол жерден таяқ жеп жатырмыз", - дейді ұстаз.

Тағы оқыңыз: Қазақстан мектептерінде даладағы дәретханалар 1 қыркүйекке дейін жойылады

Оның пікірінше, оқушы қолындағы телефонды қай кезде пайдалануға болады, қай кезде болмайтынын түсінуі керек. Ал бізде қалай? Әке-шешесі смартфонды баласына беріп қояды, бала қандай әлеуметтік желіде отыр, күнделікті желіге не салады, оны ешкім бақыламайды, деп жалғастырды сөзін Ғабдулина.

"Бір түсінгенім: кез келген адам посты өз көңіл-күйіне қарай салады. Сол себепті әр ата-ана, әр сынып жетекші өз баласының интернетке не жариялайтынын білуге тиіс. Өз оқушысына жаны ашитын мұғалім бұған уақытын аямауы керек", - деді тарих пәнінің мұғалімі.

Айтуынша, мектепте әлеуметтік педагогтар мен психологтардың сағаты аз. Оқушылар арасында сауалнама жүргізсе де, оның нәтижесі талданбайды.

Оқу-жаттығу үнемі өткізіліп тұруы керек

Нұр-Сұлтан тұрғыны Лаура Баянтаеваның екі баласы да мектепте барады. Басқа ата-аналар сияқты ол да мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздік шараларының жоғары деңгейде болғанын қалайды, әрине. Десе де бұл тек мектеп әкімшілігіне ғана емес, құзырлы министрліктерге қатысты мәселе6 дейді ол.

"Оқу орындарын бейнебақылау камераларымен, дабыл түймесімен, сигнализациямен жабдықтау жеткіліксіз. Ұстаздар мен күзетшілерді төтенше жағдайда жылдам әрекет етуге үйреткен жөн. Өкінішке қарай бізде оқу-жаттығу өткізу керектігі көрші елдерде бір трагедия болғанда ғана еске түседі. Жүйелі жұмыс жоқ. Ал мұндай жаттығуларды кәсіби қызметтерді жұмылдыра отырып, үнемі өткізу қажет",- деп санайды астаналық әйел.

Мектептегі егде жастағы күзетшілерге де елордалық ананың көңілі толмайды.

"Біздің мектепте күзет бекетінде үлкен әйел – апа отырады. Құдай бетін аулақ қылсын, әрине, егер біреу-міреу ғимаратқа баса-көктеп кіріп кетсе, ол оған қарсы тұра алмайды, шамасы жетпейді", - дейді Баянтаева.

Күзетшілерге қару берген дұрыс па 

Ресейде болған қайғылы оқиғадан кейін қазақстандық депутаттар елдегі мектептердің жағдайына назар аударта бастады. Халық қалаулылары оқушылардың қауіпсіздігін мамандандырылған күзет ұйымдарына тапсырып, оларға қару ұстауға рұқсат беруді ұсынды.

Алайда мұғалімдер бұл ұсынысты қолдамайды.

"Мен мектептің ішінде де, сыртында да қару дегенге қарсымын. Бала қаруды көрмеуі керек. Қаруды көрген баланың ойы сан-саққа жүгіруі мүмкін. Өйткені әркімнің қабылдауы, түйсігі, психологиясы әртүрлі. Атыс-шабыс фильмдерін көріп, қаруға қызығушылығы артып кетуі ғажап емес. "Шіркін мен де қаруды ұстап көрсем" деген қызығушылық пайда болады. Қару кездейсоқ атылып кетіп, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін деген ой келмейді оларға. Сондықтан осы тұрғысынан мен қарсымын. Бала алаңсыз білім алып, қарусыз өсуі керек", - деп санайды Күнімбала Баяхметова.

Жекеменшік мектеп директоры Тимур Боскин де күзетшілерге қару беруді құптамайды. Бірақ егер рұқсат беріп жатса, онда сол күзетке де, мектеп қызметкерлеріне де қатаң бақылау енгізу қажет.

"Себебі адам өзі "неадекват" болса, мұның арты қайғылы аяқталуы мүмкін. Содан кейін балалар ұстап қалмас үшін мектепте қару сақтау ережелерін қатаңдату қажет. Ал жалпы егер мектепте бірнеше блокпост болып, дабыл сигналы іске қосылғанда құтқарушылар бес минут ішінде жетіп келетінін білсек, ондағ менің ойымша, қаруланған күзет қажет емес", - деді Боскин.

Қазақстан мектептері қалай өзгереді

Көрші елдегі қанды қырғаннан кейін білім министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде қауіпсіздік күшейтілетінін мәлімдеді.

"Қазан қаласында болған жантүршігерлік оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Сондықтан біз білім саласында кешенді, жүйелі іс-шаралар қабылдауымыз керек", - деген еді Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында.

Тағы оқыңыз: Қазан мектебіндегі атыс: оқ жаудырған жігіт туралы көршілері айтып берді – видео

Ол мектептерді дабыл түймесімен және бейнебақылау камераларымен 100 пайыз қамтамасыз етуді тапсырды. Бұған қоса камералар ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылады.

Сонымен қатар министрлік мектептерге кіргізуге тыйым заттардың тізімін бекітті. Қару мен оған сыртқы ұқсастығы бар заттарды әкелуге қатаң тыйым салынады. Бұдан бөлек, шаншитын, кесетін және өткір заттарды, өнеркәсіптік құралдарды, оқ-дәрілерді, жарылғыш, улы, психоактивті заттарды әкелуге және пайдалануға жол берілмейді.

Бұған қоса оқушылардың сабақ кезінде смартфон, планшет, плейерлерді пайдалануына шектеу енгізіледі. Алайда бұл шектеу ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қатысты емес.

Жаңалықтар
0