Қоғам

Аймағамбетов Қазандағы қанды оқиғадан кейін басшыларға шұғыл тапсырма берді

© Sputnik / Владислав ВодневМинистр образования Асхат Аймагамбетов
Министр образования Асхат Аймагамбетов - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.05.2021
Жазылу
Қазан қаласында болған жантүршігерлік оқиғадан сабақ алып, білім саласындағы қауіпсіздік мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек, деді министр

НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерді дабыл түймесімен және бейнебақылау камераларымен жүз пайыз қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ата-аналар балаларын балабақшаға не мектепке жібергенде алаңдамауы керек. Қауіпсіздік шараларын толығымен қабылдап, оқушыларға жайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін тиісті жұмысты ұйымдастыру керек. Қазан қаласында болған жантүршігерлік оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Сондықтан біз білім саласында кешенді, жүйелі іс-шаралар қабылдауымыз керек", - деді Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында.

Министр мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауды бұйырды. Ол барлық білім ошағы "дабыл түймесімен" және бейнебақылау камераларымен қамтылуы керек екенін атап өтті.

"Бәрі дабыл түймесімен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұған көп шығын шықпайды. Қаладағы мектептердің бейнебақылау камералары ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылуы керек. Картинаның сапасы, бейнекамералардың рұқсаты, деректерді сақтау мәселелері шешілуге тиіс. Білім және ішкі істер министрліктерінің бірлескен бұйрығы бар. Қазір біздің әріптестер басқа органдармен бірге қарастырып, камераны орнату, сапасы мен басқа да параметрлер бойынша ұсыныстарын беріп жатыр", - деді ведомство басшысы.

Министр мектептерге мамандандырылған күзет тарту да өте маңызды екенін айтты.

Ол мектептің әрбір қызметкері мен оқушысы төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау керектігін білуге тиіс екенін атап өтті.

"Бұл үшін оқу-жаттығу өткізу қажет. Біз қазір тиісті нұсқаулықтарға міндетті нормаларды енгізіп жатырмыз. Білім ұйымдарын аттестаттау кезінде оқу бағдарламасы, білім сапасына ғана емес, мектептің қаншалықты қауіпсіз екеніне де назар аударамыз", - деді Аймағамбетов.

Мектеп бітірген бала өз мектебіне қарумен бару деген ол, ең алдымен, тәрбие жұмысына қойылатын сұрақ. Ең алдымен, білім мазмұнына, білім бағдарламасына қойылатын сұрақ. Біз күзет, психолог, дабыл түймелері деп қана отырмай, тәрбие жұмысын да жандандыруымыз керек. Ең басты мәселе – құндылықтарға негізделген білім беру, деп түйіндеді сөзін министр.

Қазанда мектепті жайратып тастаған Галявиев: "Адамдарды өлтіргенім дұрыс болды" 

Еске салсақ, өткен аптада Қазан қаласында мектепте атыс болды. Салдарынан тоғыз адам көз жұмып, он сегізі жараланды. Кейінірек анықталғандай, мектеп бітірген түлектердің бірі ғимаратқа қарумен кіріп, оқушыларға оқ жаудырған.

Жаңалықтар
0