Қоғам

Сәт сапар, жас түлек–2021! Бүгін Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау соғылады

© Sputnik / Тимур Батыршин2020 жылы ұйымдастырылған соңғы қоңырау
2020 жылы ұйымдастырылған соңғы қоңырау - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.05.2021
Жазылу
Соңғы қоңырау рәсіміне бітіруші түлектер мен олардың ата-анасы қатыса алады, алайда коронавирус пандемиясына байланысты салтанатты шара барысында белгілі бір шектеу шаралары енгізілген

АЛМАТЫ, 25 мамыр – Sputnik. Бүгін, 25 мамырда Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау соғылады. 9 және 11 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау мектеп ауласында өтеді.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2020-2021 оқу жылын 3,4 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның 150 мыңға жуығы 11 (12) сынып түлегі.

Ал оның ішінде "Алтын белгіге" 9 822 оқушы үміткер болып отыр.

Осылайша оқушылар 26 мамырдан бастап демалысқа шығады. Қашықтан оқыту кезінде үлгерімі нашарлаған оқушылар үшін олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазғы мектептер ашылады. Ол 19 маусымға дейін жұмыс істейді. Мектеп тегін болады және үлгерімі төмен балаларға басты назар аударылады. Жазғы мектепке қатысқысы келген кез келген оқушының ата-анасы өтініш жазуы керек.

Ал мұғалімдер 56 күнге еңбек демалысына шығады. Еңбек демалысының уақытын ұзарту қарастырылмаған.

Соңғы қоңырау қалай өтеді

Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия мектептерде соңғы қоңырау қалай өтетінін, оқушыларға сертификаттар қалай табысталатынын айтты.

Соңғы қоңырау рәсіміне 9 және 11 сынып түлектерімен бірге әр түлектің ата-анасының біреуі немесе қамқоршысы қатыса алады. Шараға қатысатын мұғалім саны алты адамнан аспауы керек.

Карантинде отырған адамдар, коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен байланыста болғандар бұл шараға қатыспауы қажет. Сондай-ақ мектеп аумағында қонақтардың топтасып жиналуына болмайды.

Соңғы қоңырау рәсімі кезең-кезеңімен жүзеге асады. Демек, бір мектепте бір ғана бітіруші сынып болуға тиіс. Ал іс-шара уақыты 45 минуттан аспайды. Екі сыныптың бітіру шарасы арасында 30 минут үзіліс болады.

Инфекцияның алдын алу мақсатында іс-шарада қол алысып амандасуға болмайды, барлығы медициналық бетперде тағуы қажет.

Соңғы қоңырау соғылған соң жаппай жиналып мейрамхана, дәмханаға баруға тыйым салынған.

Айта кетейік, өткен жылы мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырауы 3-4 маусымда өтті. Сол уақытта мектеп түлектеріне аттестат тапсырылды. Ал 1-ден 10-ға дейінгі сыныпта оқитын оқушылар мектеппен онлайн режимде қоштасқан болатын. 

Оқушылар биыл қалай оқыды

2020-2021 жылы оқушылар негізінен қашықтан оқыды. Арасында оқушыларды кезең-кезеңімен дәстүрлі білім беру форматына ауыстыру мәселесі де көтерілді. Кейіннен коронавирустың таралуы қарқынына қарай "қызыл", "сары" және "жасыл" аймақтарға әртүрлі талап қойылды. Қала және ауылдағы мектепте бала саны 300 оқушыға дейінгі білім ордасында дәстүрлі форматта білім беруге рұқсат берілді. Ата-аналардың өтініші бойынша кезекші сыныптар ашылды. Ол жерде бала саны 15 адамнан аспады.

Оқи отырыңыз: Мектептерде соңғы қоңырау қалай өтеді

Республикадағы оқушылардың дәстүрлі форматта білім алуға қашан көшетіні әлі белгісіз. Оның бәрі елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты белгілі болады.

Жаңалықтар
0