АЛМАТЫ, 13 мамыр – Sputnik. Тараз тұрғыны жаңа танысқан қызды тонап кетті. Оқиға ер адамның қыдырып қайту туралы ұсынысынан бойжетке бас тартқан соң болған, деп жазады Polisia.kz.
Тараз қаласының полициясына 27 жастағы тұрғын арызданды. Айтуынша, бейтаныс жігіт 116 мың теңге тұратын телефонын ұрлап кеткен. Сонымен қатар, телефон қабында 46 мың теңге болған.
Полиция ақпаратына сәйкес, бойжеткен жігітпен сол кеште танысқан. Қыдырып қайту туралы ұсынысты қабылдамағанына ашуланған ер адам күш қолдану арқылы оның телефонын тартып алып, қашып кеткен.
Жігіт бейнебақылау камерасының көмегімен ұсталды. 27 жастағы ер адамның облыс орталығындағы шағын ауданда тұратыны анықталды. Ол өзінің әрекетін мойындады және қолды болған заттарды иесіне қайтарды.
Оқи отырыңыз: Үйлену тойында түсініксіз әрекет жасаған күйеужігіт ұятқа қалды - видео
Осы дерек бойынша қылмыстық кодекстің 191-бабы бойынша (тонау) қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.