НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Көліктегі мемлекеттік бас санитар дәрігер Жанар Оразалина қолданыстағы қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Бұдан былай "қызыл" аймақта орналасқанымен ондағы әуежай мен вокзалдар Ashyq жобасына қатысса, шығарып салушылар мен күтіп алушылардың нысан аумағына кіруіне рұқсат етіледі.
Ал бұған дейін 15 сәуірден бастап Қазақстанда коронавирусқа қарсы "қызыл" аймаққа кіретін әуежайлар мен вокзалдарға карантиндік шектеулер күшейтілгені хабарланған болатын. Яғни, "қызыл" аймаққа кіретін мұндай ғимараттарға шығарып салушылардың кіруіне шектеу қойылған.
Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары "қызыл" аймақта тұр.
Сонымен қатар, күні кеше Нұр-Сұлтан әуежайында Ashyq қосымшасы іске қосылғандықтан ғимарат кіреберісінде ұзынсонар кезек қалыптасты. Оған терминалға кіретіндердің барлығы Ashyq қосымшасын пайдалануы тиіс деген талап тікелей себеп болды.
Осы жағдайдан кейін астаналық әуежайдың баспасөз қызметі аталған қосымшаның әуежайда толық іске қосылуы 12 мамырға жоспарланғанын мәлімдеді.
Әуежайға кіруге кімдерге тыйым салынған
Әуежай қызметкерлері жолаушылардың әуежайға келер алдында қосымшаны жүктеп алуы қажеттігін ескертеді.
"Қызыл" және "сары" мәртебесі бар жолаушыларды терминалға кіргізбейді. Ал қаражатты қайтару үшін әуе компаниясына хабарласу керек", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.
Ал гаджеті жоқ жолаушылар өз мәртебесін әуежай қызметкерлерінің планшетімен: қазақстандықтар – ЖСН, шетелдіктер – төлқұжаттағы мәліметтер арқылы тексере алады.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты Ashyq қосымшасын сынап тастады
Айта кетейік, Ashyq қосымшасын денсаулық сақтау министрлігі мен цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп жасаған.
Қосымша не үшін қолданылады
Бұл жерде көзделген негізгі мақсат – адамның коронавирусқа қатысты жағдайын анықтау. Ол үшін пайдаланушы QR кодты мекемеге немесе кинотеатрға, әуежай мен вокзал аумағына кіре берісте сканерлеу қажет.
Нұр-Сұлтан әуежайына Ashyq қосымшасын қолдана отырып кіру 12 мамырдан бастап толық көлемде, ал Алматыда – 2021 жылғы 21 мамырдан бастап енгізіледі.
Қосымшадағы QR кодты сканерлеу кезінде келушінің мәртебесі анықталады:
- Егер адам коронавирустың ПТР сынағынан өтіп, оң нәтиже алса, "қызыл" мәртебе беріледі. Мұндай мәртебе иелері үйде оқшауланудың қатаң режимін сақтауы тиіс;
- "Сары" мәртебе иелеріне азық-түлік алуға немесе үй іргесіндегі дәріханаға шығуға рұқсат етіледі, бірақ басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады;
- "Көк" түс – ПТР тесті көрсету арқылы еркін жүруіне мүмкіндік береді;
- "Жасыл" – емін-еркін қозғалысты қамтамасыз етеді.