Қоғам

Мәжіліс депутаты Ashyq қосымшасын сынап тастады

© Sputnik / Владислав ВодневASHYQ қосымшасы
ASHYQ қосымшасы - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.04.2021
Жазылу
Депутаттың айтуынша, қосымшаның ішінде ешқандай пайдалы ақпарат жоқ, тек "кіруді тіркеу" және "шығуды тіркеу" деген екі сілтеме ғана тұр

НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева "Ashyq" мобильді қосымшасының олқылықтары мен кемшіліктерін тізіп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ashyq" қосымшасы адамдардың жеке мәліметтерін (телефон нөмірі мен ЖСН) жинауы мәжілісменнің алаңдаушылығын туғызды.

"Мәселен, қосымшаны пайдалану тоқтаған кезде, азаматтардың жиналған жеке деректері қайда кетеді? Мобильді қосымшаның қауіпсіз екені де күмән тудырады. Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, ол әлі ақпараттық қауіпсіздікке тексерілмеген", – деді Имашева.

Айтуынша, қосымшаны жүктеп алған пайдаланушылар тіркелу кезінде қиындықтарға тап болып жатыр. Қосымшаның ішінде ешқандай пайдалы ақпарат жоқ, тек "кіруді тіркеу" және "шығуды тіркеу" деген екі сілтеме ғана тұр.

Сондай-ақ қосымша арқылы кіруге болатын нысандардың тізімі де көрсетілмеген. Мекемеге кірмес бұрын өз статусыңды тексеріп алу мүмкіндігі жоқ. Техникалық қолдау қызметімен байланысқа шығу функциясы да қарастырылмаған.

"Алайда ең басты кемшілік – қосымша адамның шынайы статусын көрсетпейді. Мысалы, ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен пайдаланушыларда жасыл түстің орнына "көк" жанады. Бұл мобильді қосымша жүгінетін мәліметтер базасында қате барын немесе уақытында жаңармайтынын көрсетеді. Сонымен қатар мекемеге ауру адам да кіріп кетуі мүмкін. Өйткені ешқашан ПТР тест тапсырмаған, тіпті симптомсыз ауыратын адамдарда бәрібір де "көк" түс шығады", – деді Имашева.

Оқи отырыңыз: Ashyq қосымшасында адам денсаулығына қатысты деректер 14 күн сайын өзгереді

Осыған байланысты депутат министрден мобильді қосымшаны халықтың шағымын ескеріп жетілдіруді, пайдаланушылардың жеке деректерінің сақталуын қамтамасыз етуді, цифрлық өнімнің одан әрі жұмыс істеуі үшін қаржыландыру көздерін анықтауды сұрады.

Жаңалықтар
0